Павлодарлық жас кәсіпкер түйіспесіз дезинфектор ойлап тапқан

Өнертапқыш пандемия кезеңіндегі ең сұранысқа ие құралдарға қарап осы жобаны іске асырған. Электрлі құрылғы өте қарапайым, әрі ыңғайлы. Оны үстел үстіне және қабырғаға ілеуге болады. Қолданылған материалдар да алуан. Мәселен, құтысы көліктікі, ал сыртқы пішіні 3Д принтер арқылы жасалған. Дезинфекторға екі литр антисептик құйылады. Берілетін мөлшерді баптаулар көмегімен реттеуге болады екен. Қазіргі баламаларда бұл қасиеттер жоқ дейді кәсіпкер.

 

- Біз құрылғыны әзірлемес бұрын нарыққа толық талдау жасадық. Бес дезинфекторды көрдік. Соның ішінде Ресей, Қытай және жапон өндірісін, олардың маңызды кемшіліктерін, тұтынушы оларды неге сатып алмайтынын зертедік. Ең бастысы — жоғарғы баға, мұндай аналогтар 120 мыңнан 420 мың теңге аралығында саудаланады, - деді кәсіпкер Баязит Ысқақов.

 

Баязит әзірге 4 құрылғы жасаған. Оның біреуін түлеп ұшқан ұясына сыйлапты. Алда осы өнертабысына патент алуды жоспарлап отыр. Құжаттар тапсырылған. Айта кету керек, жанасусыз дезинфекторға Кеден одағының техникалық регламенті бойынша сертификаттар әлдеқайда алынып қойған.