Павлодарда Абайға ескерткіш қойылды

Биыл елімізде дара тұлғаның 175 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Осыған байланысты облыс орталығының бас алаңында Абай Құнанбаевтың монументі пайда болды. Орынды таңдауға өлкетанушылар мен қаланың зиялы қауымы ат салысты. Бүгін ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

 

- Оның әрбір сөзі осы жерде тұрған адамдардың жанына шуақ, рухына жігер, санасына ақыл береді деген сенімдемін.  Осындай ұлы, дара тұлғаның арқасында елдігін жоғары қоятын ер мінезді, дарынды ұрпақ өсіп келе жатқанына куәміз. Індетке байланысты елді жинап, асын бере алмасақ та, рух биіктіктің белгісі болсын деп, ұлы Абайдың тасын қойдық, - деді Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов.

 

- Бұл - үлкен оқиға. Әсіресе, Кереку өңірі үшін. Шынын айту керек осы ұлтымыздың керемет тұлғасы - Абайды қоямыз деген ой бірінші рет болған. Сол Аққулыда біз Абайға кеуде мүсінін қойдық. Міне одан кейін бүгін қандай көрмейсіз ба тамаша ескерткіш қойылып отыр, - деді философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім. 

 

Монумент астындағы тұғыр гранитпен жабылған. Ал ескерткіштің өзі көркем қоладан құйылған. Тақтатабанымен бірге жалпы биіктігі 10 метрден асады. Сызбасын ел бойынша көптеген туындылардың авторы Асқан Нартонов әзірлеген.