• Басты бет
  • Қоғам
  • Павлодарда су бұру жүйесі жобасының техникалық сараптамасы дайындалуда

Павлодарда су бұру жүйесі жобасының техникалық сараптамасы дайындалуда

 

 

Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша Павлодар қаласындағы жолдар сапасының күрт төмендеуіне су бұру жүйесінің жоқ болғандығы негізгі себеп деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

Оған дейін облыс орталығының негізгі көшелерінде асфальтты жаңарту басталып, аймақ басшысы жұмыс барысымен танысты.

 

Орталық көшелерде арнайы техникамен жол жабынын фрезерлеу жүргізілуде. Содан кейін бұл жерде жаңа асфальт төселмек. Назарбаев даңғылы - Ломов - Ак. Шөкин көшелерінің қиылысындағы орташа жөндеу жұмыстары бастау алды. Биыл қаламызда жалпы ұзындығы 27 км болатын 14 көше жөнделеді. Квартал ішіндегі жолдар және автокөлік тұрақтары да қамтылады. Сонымен қатар 28 көшеде жаңа жаяу жүргіншілер жолдары пайда болады.

 

-Аулалардағы асфальтты жөндеу және абаттандыру жұмыстары екінші кезеңмен жүргізіледі. Қазір мердігер анықталған. Жұмысқа кіріскен. 22 шақырым тротуар жаңадан салу немесе жөндеу көзделуде,-деді аймақ басшысы.

 

Облыс әкімінің айтуынша, кем дегенде 80 ауладағы асфальты жабыны жаңартылмақ, бірақ көзделген саны 100 көрінеді. Дей тұра, жылдағы жөндеу мен тас жолдарды жаңарту ұзаққа бармай сыр беріп жатады. Тұрғындардың бұған қатысты шағымдары жайлы облыс әкімі жақсы білетіндігін жеткізіп, ауқымды жоба дайындалып жатқандығын атап өтті.

 

-Қала бойынша жолдарды су басу салдарынан сапасы жыл сайын төмендеп барады. Оны мойындауымыз керек. Су тасты да жолды да бұзады. Сондықтан су бұру жүйесін құрмай жол сапасы жақсы деңгейде болады деп ешкім айта алмайды. Қарғын су мен жауын суын бұру жүйесінің техникалық сараптама жасалып жатыр,-деді Асайын Байханов.

 

Сараптама биыл шілде-тамызда дайын болып, бекітіледі деп күтілуде. Кейін бюджеттік өтінімге жіберіліп, жобаны жүзеге асыруға қаражат бөлінеді. Асайын Байханов Павлодардағы жолдарды жөндеуді сапалы және мерзімінде жүргізуді тапсырды.