Жүргізуші куәлігін алу ережелеріне өзгеріс енгізілді

 

 

Енді жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер емтиханды тек автомектепті бітіргеннен кейін ғана тапсыра алады деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына сілтеме жасап.

 

23 сәуірден бастап еліміздің мамандандырылған ХҚКО-ларында көлік құралдарын тіркеу барысында міндетті нотариаттық куәландырылған көлікті сатып алу-сату шарттарын қабылдайтын болады. Бұл ретте мәміленің жазбаша нысаны жойылады.

 

Айта кетейік, егер азаматтар қайта тіркеу үшін көлікті сатып алу-сату мәмілелерін нотариалды куәландырғысы келмеген жағдайда, олар екінші деңгейдегі банктердің қосымшалары арқылы көлік құралын онлайн қайта рәсімдей алады.

 

-Сонымен қатар 23 сәуірден бастап жүргізуші куәлігін алуға үміткерлер емтиханды тек автомектепті бітіргеннен кейін ғана тапсыра алады. А және В, сондай-ақ А1 және В1 санатындағы куәліктерге үміткер жүргізушілердің өзін-өзі даярлау арқылы емтихан тапсыруына мүмкіндік беретін тармақтар емтихандарды қабылдау және жүргізуші куәліктерін беру қағидаларынан алынып тасталды, - делінген хабарламада.

 

Енгізілген жаңашылдықтар көлік құралдарын тіркеу және есепке алу, сондай-ақ жүргізушілерді даярлау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енуінің арқасында мүмкін болды. "Азаматтарға арналған үкімет" барлық көлік иелері мен жүргізуші куәлігін алуға үміткерлерді жаңа ережелермен танысуға кеңес береді.

 

Фото: Freepik.com