Аумақты тазалау бойынша жалпы облыстық сенбілік сәуірдің 27-сі өтеді

 

 

Бұл күндері аймағымыздағы қалалар мен елді мекендер учаскелерге бөлініп, тазаланып, «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу» атты экологиялық науқаны ұйымдастырылады деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Павлодар облысы бойынша тазалық науқаны өткен аптада басталған. Бұл уақыт аралығында коммуналшылар 202 аялдаманы жуып, 2535 жол белгісін ретке келтіріп, 14 мың шаршы метр жолдың ағымдағы жөндеуін орындап шыққан. Естеріңізге салсақ, биыл «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының әр аптасы белгілі бір тақырыпты қамтиды.

 

-Осы күні «Таза Қазақстан» экологиялық акция бойынша өңірлік жоспар әзірленді. Оған сәйкес, әр апта белгілі бір тақырыпта өтеді. Бірінші апта 13-ші 20-шы сәуір, «Берекелі өлке» атауымен, коммуналдық қызметтер мен ұйымдар елді мекендердің аумағын жинаумен жүргізетін балады. Екінші апта 20-шы 27-ші сәуір, «Менің аулам – Менің бағым», балалардың ойын алаңдарын, қоқыс контейнерлерін жинау, саябақтар мен скверлерді абаттандыру,-деді Павлодар энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов.

 

Айта кетсек, тазалық айлығы аясында дәстүр бойынша аймақтағы полигондар қоқысты тегін қабылдайды. Арнайы техниканы аулаға 109 колл орталығы арқылы шақыруға болады. Экологиялық науқан барысында шенеуніктер облысымыздағы барлық саябақтар мен қалалардағы нысандарды ретке келтіруді көздейді.

 

-Өңірде абаттандыру және тазалық айлығы жариялануда. Бұл ретте, барлық әкімдерге тұрғындардан неғұрлым көп шағым түсетін аумақтарды жаяу аралап өтуді тапсырамын. Сондай-ақ, бұл жұмысқа барша депутаттық корпусты, қоғам белсенділерін және жергілікті біздің тұрғындарды қосылуға шақырамын. Облыс тұрғындары да осы «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысады деп сенемін,-деді Павлодар облысы әкімі Асайын Байханов.

 

Экологиялық науқан аясында облысымызда 30 мыңнан аса жасыл желек отырғызылады. Аймақ басшысы қалалар мен аудандар әкімдеріне олардың суару және күтіп ұстауын қатаң бақылауға алуын тапсырды.

 

Фото: Freepik.com