• Басты бет
  • Әлем
  • Сарапшылар туристерге осы жазда қай елдерге баруға кеңес бермейді?

Сарапшылар туристерге осы жазда қай елдерге баруға кеңес бермейді?

Сарапшылар туристерге осы жазда қай елдерге баруға кеңес бермейді?

Америкалық Berkshire Hathaway сақтандыру компаниясы саяхаттауға ең қауіпсіз елдер мен баруға кеңес берілмейтін қауіпті мемлекеттердің тізімін жариялады. Сарапшылар Парижге, Дубайға, Венецияға әзірге баруға кеңес бермейді деп жеткізді irbis.tv тілшісі "24 KZ" порталына сілтеме жасап.


Berkshire Hathaway сарапшыларының мәліметінше, қазір саяхаттап баруға тұрарлық ең қауіпсіз ел – Канада. Мұнда өмір сүру деңгейі мен саяси тұрақтылық жоғары. Тізімнің екінші қатарында лаңкестік шабуылдар, сондай-ақ әлеуметтік тәртіпсіздіктер қаупі аз Швейцария орналасқан. Сонымен қатар Норвегия да үштікте.

Деректерге сай, былтыр шетелдік туристер көп барған қала – Ыстамбұл. Түрік мегаполисі 20 миллионнан астам қонақты қабылдаған. Туристердің бұл қалаға көп келуіне жеңілдетілген визалық режим де себеп болды. Үздік үштікте Дубай да бар. Онда шамамен 17 миллион қонақ келген.

Дегенмен кейінгі күндері Дубай ауа-райы қолайсыз болып тұр. Ең танымал туристік орындардың біріне қатты жаңбыр жауды. Деректерге сүйенсек, бұл жерде мұндай нөсер 75 жыл болмаған. Ауа-райының қолайсыздығы тек жергілікті тұрғындардың ғана емес, туристердің жоспарын бұзды. Кешіктірілген рейстерге байланысты жүздеген адам әуежайда тұрып қалды. Сарапшылар алдағы күндері БАӘ-не баруды жоспарлағандарға жағдайды бақылауға кеңес берді.

Сондай-ақ сарапшылар экологиялық себептерге байланысты Венецияға да келуге кеңес бермейді. Қала су тасқынынан сақтану үшін саяхатшылар ағынын шектегісі келеді. Сол үшін осы көктемде қала орталығына кіру үшін 5 еуро қаражат төлеу енгізілген.

Туристік агенттік осы жазда баруды ұсынбаған тағы бір орын – Париж. Олимпиада қарсаңында мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар ағыны өте көп болмақ. Сарапшылардың болжауынша, Парижге 13 миллионнан астам турист келеді. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының өзінен шамамен 6,5 есе көп. Пәтерді немесе қонақүйді жалға алу бағасы көтеріліп үлгерген.