Қазақстанда бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді.
Атап айтқанда, картоп, қызанақ және алманың құны айтарлықтай төмендеді, деп хабарлайды irbistv.kz сілтеме жасай отырып NUR.KZ.
29 шілдедегі мәлімет бойынша, апта ішінде картоптың бағасы – 2,8%-ға, қызанақ – 2,4%-ға, алма – 1,9%-ға, қияр – 1,2%-ға арзандаған. Сондай-ақ сәбіз, қаймақ және қара шайдың бағасы 0,2%-ға, ал тауық еті, қатты және жартылай қатты ірімшік, майлылығы 2–3% айран 0,1%-ға төмендеген.
Ал бірінші сұрыпты ұн, бірінші сұрыпты бидай ұнынан пісірілген нан, жылқы еті, сүйекті сиыр еті, сондай-ақ майлылығы 2,2–6% пастерленген, ультрапастерленген және стерильденген сүттің бағасы өзгеріссіз қалған.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының жалпы индексі бірнеше қалада төмендеген. Павлодарда бұл көрсеткіш 0,4%-ға азайса, Алматы, Шымкент және Ақтауда 0,2%-ға, Қонаев пен Қостанайда 0,1%-ға төмендеген.
Ал Астана, Ақтөбе, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және Түркістан қалаларында баға деңгейі өткен аптамен салыстырғанда өзгермеген.
Еліміз бойынша қиярдың орташа бағасы келісіне 495 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркелді – келісіне 339 теңге.
Картоптың орташа бағасы республика бойынша келісіне 275 теңге болса, ең арзан картоп Түркістанда келісіне 219 теңгеден сатылған.
Ал бірінші санаттағы 10 дана жұмыртқаның орташа бағасы 567 теңгеге жеткен. Ең қолжетімді баға Оралда – 475 теңге, Қызылордада – 477 теңге болып тіркелді.
Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі апта сайын есептеледі. Баға мониторингі еліміздің барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және елордада жүргізіледі.
Қазіргі таңда сауда және интеграция министрінің бұйрығымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізіміне 31 атаудағы азық-түлік өнімі енгізілген.
Иллюстрациялық фотосурет
