«AlGa» ERG

Павлодарда Металлургтер күні ауқымды түрде аталып өтті. Өндіріс қызметкерлеріне арналған мерекелік шарада металлургия саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген үздік мамандар марапатталды. Сонымен қатар, қазақ эстрадасының аңыздары арнайы өнер көрсетті.

 

Eurasian Resources Group (ERG) – табиғи ресурстарды өндіру мен өңдеу саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі. Биылғы металлургтер күні де өндірістің деңгейіне сай өткізіліп «AlGa» ұранымен басталды. Оның өзіндік мәні бар. «Al» – алюминийдің, «Ga» – галлийдің химиялық таңбасы. Сонымен қатар «AlGa» атауы қазақтың «Алға!» сөзімен үндесіп, өндірістің дамуы мен жаңа жетістіктерге ұмтылысын білдірді. Бұл Павлодар алюминий зауыты аумағында салынып жатқан жаңа галлий өндірісіне тікелей байланысты. Кәсіпорын 2026 жылы іске қосылып, жылына шамамен 15 тонна галлий өндіреді деп жоспарланған. Басшылықтың айтуынша, кез келген өндірістің басты күші – адам капиталы. Сондықтан мерекеде сала дамуына үлес қосқан еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілді.

- Бүгінде Павлодар – бірнеше буын металлургтерін тәрбиелеген, еліміздің өнеркәсіптік тірегіне айналған өңір. Мұнда алюминий сияқты күрделі әрі стратегиялық маңызы бар металдар өндіріледі. Біз қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмаймыз. Алюминий мен глинозем өндірісін дамытумен қатар, жаңа бағыттарды игеріп келеміз. Биыл Павлодар алюминий зауыты аумағында галлий өндіретін жаңа цехты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба компаниямызды жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, Қазақстан экономикасының дамуына да елеулі үлес қосады, - деп атап өтті «Алюминий» дивизионының бас операциялық директоры, «Қазақстан алюминийі» АҚ бас директоры Владимир Красноярский

Салтанатты жиында өндіріс саласының дамуына үлес қосқан үздік қызметкерлер марапатталды. Оларға Павлодар облысы әкімінің құрмет грамотасы, салалық төсбелгілер, ERG компаниясының марапаттары мен Алюминий дивизионының алғыс хаттары табысталды. Солардың қатарында Павлодар алюминий зауытының шикізат даярлау цехының конвейер машинисі Жанболат Айыпбаев та бар. Ол «Еңбек айбыны үшін» құрмет белгісімен және Алюминий дивизионының алғыс хатымен марапатталды. Еңбек жолын қарапайым құрылысшыдан бастаған маман бүгінде өндірістің білікті қызметкерлерінің біріне айналған.

- Мен Павлодар Алюминий зауытында 30 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Жұмыс мамандығым машинист конвейра мамандығын атқарудамын. Өз жұмысымды сүйемін, Өз жұмысымда ең бірінші кісіге жауапкершілік, адал жұмыс, өз жұмысыңды сүйе білу керек деп ойлаймын, - деді «Қазақстан алюминийі» АҚ шикізат даярлау цехының конвейер машинисі Жанболат Айыпбаев.

Мерекелік шара марапаттау рәсімімен ғана шектелген жоқ. Қатысушылар түрлі танымдық және көңіл көтеру ойындарына қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Ән шырқап, көтеріңкі көңіл күй сыйлаған металлургтер үшін кеш концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төрінде Қазақстанның Халық әртісі, қазақ эстрадасының аңызы Роза Рымбаева өнер көрсетіп, көпшілікке өзінің таңдаулы әндерін тарту етті.

 

Бекбол Мырзахан