Қазақстан электролиз зауытының қызметкері "Алтын Гефест" иегері атанды

 

 

Тау-кен металлургия саласының "Алтын Гефест" сыйлығы шеберліктің шыңы. Ол өндірісте жұмыс істеп қана қоймай, өз ісімен өмір сүретіндерге беріледі. Биыл Қазақстан электролиз зауытында еңбек етіп жүрген Елдос Жұмабеков "жыл металлургі" атағын алды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Металлургтер үшін «Алтын Гефест» актерлердің «Оскар» сыйлығымен бірдей. Ағымдағы жылы ең беделді республикалық марапатқа Қазақстан электролиз зауытының қызметкері Елдос Жұмабеков ие болды. Өзін сынап көруі үшін, байқауға қатысуға өтінімін жіберген. Кейіпкеріміз жеңіске жетемін деп ойламаған, алайда мүмкін емес дүние жоқтығына көз жеткізгенін айтты.

 

- Бұл марапат алюминий цехының ортақ жеңісі. Мұндағы әр қызметкер мені оқытып, маған көмектесіп, барлығына үйретті,-деді «ҚЭЗ» АҚ алюминий электролизі цехының электролиз сериясы ауысымының шебері.

 

Алғашында 3 курс студентін Қазақстан электролиз зауытында жұмысқа қабылдағысы келмеген. Алайда жігіт бір апта бойы зауытқа келіп жүріп, табандылығын көрсетіп, жұмысқа қабылданды. Ал жарты жылдан соң оған бригадир лауазымын ұсынды. Әрі қарай жаңа тапсырмалар оның мінезі мен іске деген адалдығын шыңдады.

 

- Өндірістік тапсырмаларды 100% жақсы орындайды, ұжыммен жақсы қарым-қатынаста, сонымен қатар бізге жұмысқа келген жастарға тәлімгер болып табылады. Ол бірден өзін өте белсенді көрсетті, әрдайым қызығушылық танытып, кейбір әдістерді, өндірістік мәселелерді шешу жолдарын іздеді. Табандылық арқасында осындай марапатқа жетті. Лайықты маман,-деп жеткізді «ҚЭЗ» АҚ алюминий электролизі цехының электролиз сериясы корпусының басшысы Берік Катиев.

 

Табандылық - мансап үшін ең маңызды қасиет. Бүгінде Елдос Жұмабеков Қазақстан электролиз зауытындағы ең жас ауысым шеберлерінің бірі. Ол 27 жаста. Зауыттың электролиз цехында жұмыс істейді, қарамағында 17 адам бар. Елдос тәжірибелі қызметкерлердің беделіне ие және жаңадан келгендерді оқытады. Ең үздік метталлург мансап сатысымен көтерілуді жалғастырмақ. Ол өзі үшін ERG-ді таңдады, өйткені компания табанды және талантты қызметкерлерді қолдайды. Өз ойын жүзеге асыру алаңы - "Идеялар фабрикасында" жыл металлургі екі жобаны таныстырмақ.