Қазақстанда қант қанша тұрады және бір жылда қаншалықты қымбаттады

Соңғы бір аптада Қазақстанда қанттың бағасы орта есеппен 1%-ға өсті. Қазіргі таңда бір келі түйіршіктелген қанттың орташа бағасы 450 теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1%-ға жоғары, деп хабарлайды irbistv.kz NUR.KZ сайтына сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 24 маусым мен 1 шілде аралығында еліміздің бірқатар қалаларында қант бағасы орта есеппен 1,6%-ға өскен.

Мәселен, Павлодарда қант бірден 12,5%-ға қымбаттаған. Үкіметте бұл жағдайдың маусымдық факторларға байланысты екенін айтып, қажет болған жағдайда бағаның өсуін тежеу үшін қоймалардағы қор пайдаланылатынын мәлімдеді.

Шілде айының басында қант бағасының өсу қарқыны бәсеңдеді. 1–8 шілде аралығында оның бағасы республика бойынша орта есеппен 1%-ға ғана көтерілді, ал Павлодарда өсім тоқтады.

Ал Талдықорған мен Көкшетауда, керісінше, қант арзандады. Бір апта ішінде баға тиісінше 2,5%-ға және 1,5%-ға төмендеген.

Бағаның айтарлықтай өсуі Алматыда (2,9%), Ақтөбеде (2,3%) және Түркістанда (2,1%) тіркелді. Ал Астана мен Шымкентте қант 1,1%-ға қымбаттаған.

Айта кетейік, қазіргі уақытта қанттың бағасы 2026 жылдың басымен салыстырғанда 9,1%-ға жоғары.

Қант бір жылда қаншалықты қымбаттады

Жыл басынан бері қант бағасы айтарлықтай өскенімен, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім әлдеқайда төмен – 5,1%. Салыстыру үшін, Қазақстандағы жалпы инфляция деңгейі – 10,3%.

Бір жыл ішінде қант ең көп Алматыда қымбаттады – 12,3%-ға. Қазір мұнда бір келі қанттың орташа бағасы 458 теңге. Астанада да баға дәл осындай – 458 теңге, жылдық өсім 9,9% болды.

Ал Оралда қант бағасы бір жыл ішінде іс жүзінде өзгермеген. Мұнда бір келі қанттың орташа бағасы 430 теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда небәрі 0,6%-ға жоғары.

Ең қымбат қант Өскеменде сатылып жатыр – бір келісі орта есеппен 501 теңге. Бұл өткен жылғы бағадан 5,4%-ға жоғары. Ал ең арзан қантты Тараздан сатып алуға болады – орташа бағасы 388 теңге, бір жылдағы өсім небәрі 0,8%.

Осылайша, 24 маусым мен 1 шілде аралығында байқалған қант бағасының күрт өсуі Қазақстанда жалғаспады. Керісінше, кейбір қалаларда қант бағасы төмендей бастады.