Қазақстанда зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығынан босатады

 

 

Жаңа норма 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Осылайша, зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге, емделуге жұмсағысы келген азаматтар қаражаттарына 10%-дық салықсыз қол жеткізе аладыдеп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Зейнетақы қорында артылған қаражатын шешіп алушыларға қуанышты жаңалық. Тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында жинақтарының бір бөлігін алған кезде 10% мөлшерінде жеке табыс салығы төлеу міндеті 2025 жылдың соңына дейін ғана сақталады. Кейін бұл талап күшін жояды. Мемлекет басшысының жаңа Салық кодексіне қол қоюы арқасында, бұл өзгеріс келер жылдан бастап іске қосылады.

 

- Жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы жинақтарынан жеке табыс салығы алынбайтын болады. Бұл зейнеткерлерге де қатысты, сол сияқты тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында пайдаланылған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланатындарға да қатысты. 2026 жылдан бастап 10%-дық салық алынбайды. Бұндай функция толық жойылады,-деді «БЖЗҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Владимир Питраков.

 

Зейнетақы төлемдерінен ұсталуға тиіс, бірақ зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырылған жеке табыс салығы бойынша есептелген міндеттемелер жойылады. Алайда, бұған дейін бюджетке төленген салықтар қайтарылмайды екен. Сондықтан мамандар 2025 жылы біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланған кезде салықты кейінге қалдырып төлеу нұсқасын таңдауға кеңес береді, солай олар жинақтарын толық көлемде сақтап қала алады. Сол сияқты 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өз пайдасына аударылған ерікті зейнетақы жарналары бойынша төлем көзінен салық салынуға жататын шегерімдер де жойылады.

 

Фото: Freepik.com