1 қыркүйектен бастап Павлодар әуежайы қайта іске қосылады
Павлодардан Алматы мен Астанаға жолаушылар тасымалы қайта жұмысын бастайды. Қазірден билеттерді алдын ала брондауға болады, аймақ басшысының айтуынша ұшып-қону алаңының пайдалануға берілуі тамыздың соң деп жоспарланған деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі. Естеріңізге сала кетейін, әуежай жөндеуге байланысты өткен жылдың сәуірінен бастап ұшақтарды қабылдамаған болатын.
Павлодар әуежайының жұмысы ұшу-қону жолағын қайта жаңғыртуға байланысты тоқтатылды. Жөндеу жұмыстары жабынды ауыстырумен қатар, жолақты кеңейтуді де қамтыды. Жобаның жалпы бюджеті шамамен 16,5 миллиард теңгені құрайды. 2025 жылдың күзінде қаржыландыруға қатысты мәселе туындаған. Алайда кейін бұл мәселе шешіліп, 2026 жылдың сәуірінде қайта жаңғырту жұмыстары жалғасты. Жөндеуді шілде айының ортасында аяқтау жоспарланған болатын. Дегенмен қазір құрылыс жұмыстары әлі жалғасуда. Қазіргі уақытта жұмыстардың 98 пайызы орындалған. Қалғаны – асфальттың ұсақ түйіршікті қабатын төсеуге қажетті материалға тапсырыс беру.
-Бірінші Астана мен Алматы қаласына рейстер қосылады. Екінші кезекте Шымкент пен Ақтау қалалары. Одан басқа айтып кететіні шетелдік авиарейстер бойынша жұмыс жүріп жатыр. Оның біреу көрші Новосібір қаласы, содан кейін Ташкент қаласы. Тағы бір перспективті рейс ол Ақтөбе қаласы, - деп мәлімдеді Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов.
Шамамен 15-17 тамыз аралығында қабылдау комиссиясы бақылау ұшуын өткізеді. Атап айтқанда, жарық-сигнал беру жабдықтары тексеріледі. 25 тамызға дейін нысанды пайдалануға беру актісін алу жоспарланып отыр. Ал 1 қыркүйектен бастап кем дегенде Алматы мен Астана бағытындағы әуе рейстерін қайта іске қосу көзделуде. Айта кетейік, Астана бағыты бойынша рейс субсидияланатын болады. Қазіргі таңда билет бағасы – 15 мың теңге.
