2021 жылдан зейнетақы көбейеді

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап бір АЕК көлемі 2917 теңге болса, ал ең төменгі күнкөріс мөлшері 34302 теңгені құрамақ. Сонымен қатар базалық зейнетақы 5 пайызға, ал жасына байланысты және еңбек еткен жылдарға 7 пайыз қосылады. Бұл ретте ескеретін жайттар да бар.

 

- Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін есептеуге ең жоғарғы еңбекақы мөлшері 127 мың теңге болатын, енді 2021 жылдан бастап 134182 теңгені құрайды. Бұл алдағы жылы зейнетке шығатындарға зейнетақы мөлшерін көбейтуге мүмкіндік береді, - деді еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Евгений Губарев.

 

Келер жылдан ең төменгі күнкөріс мөлшерінің  өсуіне байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларға да 5 пайыз қосылмақ. Бұдан бөлек арнайы төлемдер мөлшері де ұлғайады.

 

- Мысалы, егер зейнетақы 100 000 теңге болса, 2021 жылы ол адам 107 000 теңге алады. Ал мүгедектерге қатысты І топтағылар 62000 алса, оған 5 пайыз қосылып 66000 теңгеге өседі. Мұндай үстемақылар барлық әлеуметтік топтарда қарастырылған, - деді Евгений Губарев .

 

Павлодар облысында жалпы 170 мыңға жуық зейнеткер тұрады. Бұдан бөлек басқа әлеуметтік жәрдемақы алатындар да бар. Барлық санаттар бойынша қайта есептеу аяқталды.