Ақсу қаласында ұлан асыр той

Ақсу қаласында айтулы екі дата қатар аталып өтті. Биыл шаһардың құрылғанына 65 жыл толса, өндіріс саласының басты мерекесі - Металлург күні де кеңінен тойланды. Қалалық саябақ мерекенің орталығына айналып, тұрғындар мен қонақтарға түрлі бағыттағы бағдарлама ұсынылды. Мұнда шығармашылық алаңдар, спорттық сайыстар, концерттік қойылымдар және отбасыға арналған ойын-сауық шаралары ұйымдастырылды.

Балаларға арналған аймақта ерекше көңілкүйі қалыптасты. Бүлдіршіндер қорғаныс каскаларын безендіріп, металлургия тақырыбындағы ойындарға қатысып, түрлі тапсырмалар орындады. Бұл шаралар жас буынға өндіріс мамандығының қыр-сырын қызықты етіп таныстыруға мүмкіндік берді.

- Мереке өте жақсы ұйымдастырылған. Өзіме де, балама да ұнады. Балалар үшін көптеген қызықты шаралар жасалған. Металлургтерге алғысымызды білдіреміз, - деді Ақсу қаласының тұрғыны Кристина ВИШНЯКОВА.

Сонымен қатар, алаңда кәсіптік бағдар беру жұмыстары да жүргізілді. Ақсу ферроқорытпа зауытының мамандары еңбек нарығындағы сұранысқа ие бағыттар туралы айтып, жұмыс іздеген тұрғындарға кеңес берді. Үміткерлер сауалнамаларын толтырып, кәсіпорын өкілдерімен тікелей байланыс орната алды.

- Қазір автокөлік цехына мамандар қабылдап жатырмыз. Жүргізушілер, тиегіш техника операторлары, самосвал жүргізушілері қажет. Сондай-ақ электргазбен дәнекерлеушілер, жөндеу слесарьлары және басқа да жұмысшы мамандықтары бойынша бос орындар бар, - деп атап өтті Ақсу ферроқорытпа зауыты — "Казхром" ТҰК" АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының рекрутері Назгүл ТҰРЛЫБЕКОВА.

Жәрмеңке жұмыс іздеген жандардың қатарында Мөлдір Жүнісова да бар. Жоғары оқу орнын автоматтандыру және басқару бағыты бойынша тәмамдаған жас маман еңбек жолын өз саласы бойынша бастағысы келеді.

- Мамандығым бойынша жұмыс іздеп жүрмін. Университетті автоматтандыру және басқару мамандығы бойынша бітірдім. Анкетамды толтырдым, бірнеше ұсыныс алдым. Ақсу ферроқорытпа зауытына жұмысқа орналасамын деген үміттемін, - дейді Ақсу қаласының тұрғыны Мөлдір ЖҮНІСОВА.

Мерекелік бағдарлама спорттық жарыстармен де жалғасты. Қала тұрғындары мен қонақтары қол күресінен, арқан тартудан және асық атудан бақ сынады. Көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырған сайыс-50 келілік қаппен отырып-тұру жарысы. Май ауданынан келген Диас Калел үздік көрсеткішке қол жеткізіп жеңімпаз атанды.

- Бұл шара жыл сайын өтеді. Біз де асыға күтеміз. Ұйымдастырылу деңгейі өте жақсы. Ең бастысы қатысушыларға тартымды сыйлықтар қарастырылған, - деді Май ауданының тұрғыны Диас КАЛЕЛ.

Өңір өнеркәсібінің дамуына елеулі үлес қосып жүрген еңбек адамдарына да ерекше құрмет көрсетілді. Салтанатты марапаттау рәсімінде үздік металлургтер «Қазхром» ТҰК» АҚ мен ERG компаниясының корпоративтік наградаларымен 400 кәсіпорын қызметкері марапатталды.

- Әр шаңыраққа бақ-береке, молшылық, қуаныш пен құт-береке, татулық пен жайлылық тілеймін. Зауыт ұжымына зор денсаулық, мықты рух, сарқылмас күш-қуат, еңбекте қауіпсіздік және толайым табыс тілеймін. Еңбектеріңіз әрдайым жемісті болып, кәсіби жетістіктеріңіз арта берсін. Алға қойған барлық мақсаттарыңыз орындалып, биік белестерді бағындыра беріңіздер!, - деп тілегін білдірді "Казхром" ТҰК" АҚ Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек МАКАШЕВ.

Мерекелік көңіл күйді Қазақстан эстрадасының жұлдыздары – әнші Мақпал Исабекова, қазақ эстрадасының танымал өнерпазы Жұбаныш Жексенов және жастардың сүйікті орындаушысы Sadraddin жалғастырды. Олар металлургтер мен мерекеге жиналған қала тұрғындарына өздерінің ең танымал әндерін тарту етіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Кештің сәнін келтірген соңғы көрініс - мерекелік отшашу болды. Ақсу аспанын түрлі түске бояған жарқын шоу қала тұрғындарына ерекше әсер сыйлады. Бір күнде шаһар өзінің тарихын, бүгінгі жетістігін және жарқын келешегін тағы да көрсете алды.

 

Бекбол Мырзахан