Ақсу ферроқорытпа зауытында ұрпақтар аллеясы сәулет кешені ашылды

 

 

Бүгін алғаш рет және кәсіби мерекенің құрметіне ардагерлер мен кәсіпорынның жас қызметкерлерінің суреттері Құрмет тақтасына енгізілді деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Металлург күні күнтізбедегі мейрам ғана емес. Бұл өз еңбегімен тау-кен-металлургия саласының берік іргетасын қалайтындардың еңбегін бағалау. Ал Ақсу ферроқорытпа зауыты ел бойынша бұл істе көшбасшы. Мереке қарсаңында моноқалада озаттар, ардагерлер мен зауыттың жаңа буынына құрмет көрсетілді.

 

- Әріптестерді келе жатқан мейрамымен құттықтаймын. Тілейтінім зор денсаулық, отбасылары аман болсын, бірлік болсын. Балалар, немерелер, шөберелердің қызықтарын көрсін. Үлкен, зейнеткерлікке шыққан әріптестеріміз үлгі болсын жастарға. Жастар олардың бұрын істеген жұмысына тартылып, алға шығып, осы біздің ферроқорытпа зауытынан ешқайда кетпей, үлкен тәрбиеге жетсін. Құттықтаймын мерекелерімен,-деді "Қазхром" ТҰК" АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпа зауытының Біріккен кәсіподағының төрағасы Айып Абраев.

 

Құрмет тақтасы кітаптың екі беті іспеттес. Бір жағында – зауыттың құрметті ардагерлері болса, екінші жағы – ертеңгі болашақты құратын жастардың тарихы. Алдыңғы қатардағы өндіріс озаттары арасында инженер Артём Кузнецов та бар. Ол Ақсу ферроқортыпа зауытында 12 жылдан бері жұмыс істейді. Жас маманнан жетекші инженерге дейінгі еңбек жолын өтті.

 

- Бұл марапат қана емес, әр қызметкер үшін мотивация. Ұжымға, қоғамға өз пайдаңды тигізу мүмкіндігі. Біз бірлесе отырып, Казхромның жарқын болашағын құрамыз. Жеке басым үшін бұл жауапкершілік әрі мәртебе. Ұжым, кәсіпорын, басшылықтың маған артқан сенімін ақтап, белсенді әлеуметтік өмірімді жалғастырамын,-деді "Қазхром" ТҰК" АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпа зауытының беріктілік бойынша инженері Артем Кузнецов.

 

- Біздің ардагерлерімізге, құрметті қызметкерлерімізге және жастарға арналған Құрмет тақтасының басты идеясы – ұрпақтар сабақтастығы. Бұл біздің өткеніміз бен болашағымызды біріктіретін екі қанат. Ұрпақтар аллеясы – тәжірибе берудің символы, бұл біздің аға буынымызға құрмет, жастарымыздың қажырлы еңбегі, олар зауыттың өнімділігін одан әрі арттырып, оны елімізге танытатын болады,-деді "Қазхром" ТҰК" АҚ филиалы Ақсу ферроқорытпа зауытының персонал және мәдениет жөніндегі директоры.

 

Мұндай құрмет еңбекті жоғары бағалау ғана емес, жаңа жетістіктерге ынталандыру. Өйткені металлургия – мамандық қана емес, бұл рухы мықты, жігерлі, өз ісіне берік адамдардың жүрек қалауы.