• Басты бет
  • Экономика
  • Ақсуда ERG «ЕЭК» АҚ қолдауымен «Құстар үні» атты республикалық экологиялық сурет байқауы өтті

Ақсуда ERG «ЕЭК» АҚ қолдауымен «Құстар үні» атты республикалық экологиялық сурет байқауы өтті

 

Аталмыш шара биылғы "Туған қала" жобасының сәтті қорытындысы ретінде өтті деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

"Құстар үні" байқауы балалар мен жасөспірімдердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Жас суретшілер табиғатты, құстар әлемін өз көзқарастарымен бейнелеп, шығармашылық қабілетін көрсетті. Мәселен, 13 жастағы Дина Ерболат жеңістен дәмелілердің қатарынан. Қыл қалам шебері адамзат пен табиғаттың үйлесімін бейнелеген.

 

-Тематика "Птичий перезвон". Ол құстардың адамдармен бірге қарым-қатынасы туралы салуға, суретпен өз ойыңды жеткізуге болады. Осы конкурсқа екінші рет қатысып отырмын. Осының алдында сертификат алғанмын. Енді бірінші орынды алу керекпін. Менің суретімде қыз, артын да күн және қасында ұшып жүрген құстар,-деді қатысушы Дина Ерболат.

 

Республикалық бойынша көркемсурет байқауына 5 пен 16 жас аралығындағы 180 бала қатысты. Қыл қаламын серік еткен жас таланттар екі санатта — жалпы білім беретін мектептер мен көркемсурет мектептерінің атынан бақ сынады. Бұл тәсіл кәсіби және әуесқой суретшілердің еңбегін әділ бағалауға мүмкіндік берді.

 

- Бұл байқау 15 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы аралықта ERG тарапынан үлкен қолдау көрсетілді. Демеушілеріміздің арқасында бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Биыл "Туған қала" жобасына өтінім жібердік. Нәтижесінде, жеңіске жеттік,-деді Ақсу қаласы балалар өнер мектебінің ұстазы Жанна Сергеева.

 

Байқау аясында өткен шеберлік сабағында Новосібірден келген кәсіби суретші акрил бояуымен жұмыс істеудің әдіс-тәсілдерін көрсетті. Балалар үшін ерекше әсерлі сәттердің бірі — «Бақыт құсын» әрлеу болды. Ал үлкенірек қатысушылар өз көңіл-күйлерін бейнелеуге тырысты. Әр туынды — баланың ішкі жан дүниесінің айнасы іспетті.

 

- ERG компаниясы осындай әлеуметтік маңызы бар жобаларды үнемі қолдайды. Біздің кәсіпорын үшін қоршаған ортаны қорғау — тек міндет емес, басты басымдықтардың бірі. Табиғатқа жанашырлықты жас ұрпақтың бойына ерте бастан сіңіру өте маңызды деп есептейміз. Бүгінгі байқауға кішкентай бүлдіршіндерден бастап, жасөспірімдерге дейінгі жас суретшілер қатысып отыр. Әрқайсыларыңыз – жеңімпазсыздар. Сіздердің табиғатқа деген шынайы сезімдеріңіз бен шығармашылықтарыңыз бізді қуантады,-деді "Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы" АҚ техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі директоры Иван Бахтин.

 

Байқау қорытындысы бойынша 8 түрлі номинацияда барлығы 49 қатысушы жеңімпаз және жүлдегер атанды. Үздік шыққандар I, II және III дәрежелі медальдармен марапатталды. Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық балаға арнайы сертификаттар табысталды. Салтанатты рәсімге Павлодар облысынан келген қатысушылар ғана қатыса алды. Өзге өңірлерден жүлде алған балаларға марапаттар пошта арқылы жолданатын болады. Бұдан бөлек, экологиялық сурет байқауының гимні орындалды. «Құстар үні» — бұл табиғатпен үндескен өнер мерекесі. Ақсу қаласында бастау алған бұл игі дәстүр жас таланттарға жол ашып отыр.