Ақсуда халықаралық ERG Skills жастар додасы басталды
Биыл өндірістің түрлі салаларындағы сайыстарда бағын сынау үшін еліміздің жан-жағынан, сондай-ақ Қытай елінен келген студенттер бар. Айту керек, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен қатар, ERG кәсіпорындарында жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Бұл жастар үшін өндіріс жай кәсіп таңдау емес, жүрек қалауы. Сондықтан ERG Skills International беделді додасына әр өңірдің ең дарынды деген студенттері келген. Салтанатты ашылудың өндіріс ошағына айналған Ақсу қаласында өтуі де бекер емес.
- Өндірістің жүрегінде өтіп жатқан форумның мәні ерекше. Бұл тәжірибе алмасудың, идеялар мен инновациялардың тоғысқан ордасы. Баршаңызды жемісті жұмыс, жаңа идеялар мен шабыт тілеймін. Шарамыз сәтті өтіп, әр қатысушыға пайдалы тәжірибе мен рух, қуат сыйласын,-деді Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов.
Кезінде 30-ақ қатысушыдан басталған доданың ауқымды арта түскен. Биыл 200-ден астам жас маман 5 күн бойы сайысқа түсіп жатыр. Қонақтар қатарында, Қытайдан келген студенттер де бар. Жұмысшы мамандықтар жылында бұл іс-шара екі есе маңызды. Бірінші кезекте кадрлар даярлау үшін.
- Жастарды бағалау оңай емес. Барлығы бабында, мықты дайындықпен келген. Соған қарамастан, сарапшы ретінде үздіктерді іріктейміз. ERG компаниясы жастарға жан-жақты дамуға мүмкіндік береді. Бұл сайыстың өткізілуі соның жарқын көрінісі,-деді АқсФЗ цех учаскесінің басшысы, сайыстың сарапшысы Александр Конев.
ERG Skills International сайысына жалпы 29 команда қатысуда. Жастар дәнекерлеу мен автоматтандырудан бастап, тау-кен және маркшейдерлік ісіне дейінгі 13 аталым бойынша бәсекеге түседі. Ақсу қара металлургия колледжінде өндірістік тапсырмалар үшін барлық жағдай жасалған. Алыстан келген қонақтар жоғары бағасын беруде.
- Біздер алыстан келген қонақ, Хромтау жақын емес. Алыстан келдік. Жақсы күтіп алды. Әрине, қорқыныш бар. Халықаралық болған соң, қобалжу бар. Бірақ, дайынбыз. Жеңіске жетеміз деген үміттеміз,-деді «Хром» дивизионы командасының өкілі (Хромтау қаласы) Еламан Марат.
Өндірістік сайыста топ жарғандар дипломдармен қатар, шетелде тағылымдамадан өту жолдамасына, сондай-ақ ERG кәсіпорындарында жұмыс істеуге шақыртуларға қол жеткізеді. Сайыс 5 күнге ұласады.
