Алматыдан Павлодарға ұшқан ұшақ қона аламай кейін қайтқан

 



Екпіні секундына 20 метрге жеткен қатты жел салдарынан ұшақты мұзға қарсы өңдеуден өткізу мүмкін болмады. Сондықтан 20 қазан күнгі әуе рейсі тоқтатылды, деп хабарлайды irbistv.kz.



Павлодар облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылар екпінді желдің салдарынан қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, әуе кемесін мұзға қарсы өңдеу мүмкін болмағанын түсіндірді.



-Рейс Алматы қаласының әуежайынан ұшып шыққан болатын, алайда кейіннен метеорологиялық жағдай күрт нашарлап, желдің екпіні секундына 20 метрге дейін күшейді. Бұл ұшу алдындағы қажетті рәсімдерді орындау мүмкіндігіне тікелей әсер етті: себебі жел жылдамдығы 15 м/с немесе одан жоғары болған жағдайда биіктікте жұмыс жүргізуге тыйым салынады, - деп хабарлады Павлодар облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында.



Сонымен қатар Павлодар қаласының әуежайында мұзға қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізудің барлық техникалық мүмкіндігі бар екені атап өтілді. Рейсті тоқтату туралы шешім тек қауіпсіздік талаптарына байланысты қабылданған, өйткені мұндай ауа райы жағдайында әуе кемесін тиісті өңдеуден өткізбей сапарға шығаруға жол берілмейді.