Атаулы әлеуметтік көмек алатындар азық-түліктерді өздері таңдайды
Бұл үшін өздері порталға кіріп тапсырыс беру қажет. Айта кететіні, олар жеткізуші мен тауарды сапасына қарай таңдай алады.
- Егер 2020 жылы біз атаулы әлеуметтік көмек алушылардың тізімдерін қызмет көрсетушіге берген болсақ, осы жылдан бастап әлеуметтік портал енгізілді. Олар міндетті түрде сайтқа кіріп, өздері ай сайын азық-түлік себетін және тоқсанына бір рет тұрмыстық жиынтығын алады, - деді Павлодар қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Айнұр Мукашбекова.
Жеткізуші әлеуметтік пакетті жеткізген соң, көмек алушы міндетті түрде порталда алдым деген сілтемеге өтуі қажет. Ал өздігінен тапсырыс беруге мүмкіндігі жоқ отбасыларға да жағдай жасалған. Олар Кривенко, 25 және Бектұров, 115 мекенжайында өзін-өзі қамту үстелдерінен өздері тапсырыс бере алады. Айта кететіні, азық-түлік себетінің құны 5440, ал тұрмыстық-химия тауарлары 2400 теңгені құрайды. Әлеуметтік пакет тізімі денсаулық сақтау министрлігімен бекітілген. Жалпы Павлодар қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын 1765 аз қамтылған отбасыдан шыққан бала есепте тұр.

