Ақшасын төлеп қойып пәтерлеріне көше алмай отыр

«Достық» шағын ауданындағы аталмыш көпқабаттының құрылысы бір жыл бұрын басталды. Онда жалпы 108 пәтер бар. Жинақ банкі арқылы барлығының жаңа қожайындары анықталған. Шаршы метрлерге ие болу үшін олар пәтер құнының жартысын, бұл шамамен 5 миллион теңге төлеп қойған. Банк салымшыларына 2020-шы жылдың күзінде қоныс тойын тойлайсыңдар деген уәде берілді. Бүгінде қыс аяқталып келеді. Адамдар баспаналарына кіре алмауда.

 

- Тезірек өз пәтерімізге кіргіміз келеді. Оларға қаражат төлеп қойғанбыз. Көп уақыт бойы күттік. Бүгінде көршілерім пәтер жалдап жүр. Барлығын осы мәселе мазалайды, - деді Руслан Нығметов.   

 

9 қабатты үйдің құрылысы өткен жылы қыркүйекте аяқталды. Тапсырыс берушілердің айтуынша, олар тек баспананың құрылысына жауапты. Коммуникацияларды қалалық құрылыс бөлімі тартқан. Оның алдында мамандар жаңа жылға дейін баспанаға жылу тартылады деген уәде берген.    

 

- Олар жылу береміз деген уәде берді. Көріп тұрғандарыңыздай үйге ешқандай инженерлік желі тартылмаған. Үйдің іші қатып қалған. Жылынған жағдайда сыз пайда болады, - деді тұрғындар.  

 

- Бүгінде Достық шағын ауданында 5 үйдің құрылысы аяқталды. Оның екеуіне «Павлодар» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» жауапты. Қазіргі уақытта аталмыш үйге коммуникациялар тарту жұмысы аяқталды. Мердігерді анықтау үшін өткен конкурстық шараларға қатысты сот ісіне байланысты ұзаққа созылды. Үй құрылысы мен коммуникацияларды тартуға екі түрлі конкурс жарияланды, - деді Павлодар қаласы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Әкімбекова.

 

Қала әкімдігінде мәлімдегендей, «Павлодар ӘКК» қазір аталмыш үйлер бойынша құжаттама әзірлеуде. Наурыз айынан адамдарды қоныстандыра бастайды. Ал жаз мезгілінде абаттандыру жұмыстарын қолға алмақ.