• Басты бет
  • Экономика
  • Ақсу ферроқорытпа зауытының ұжымы кәсіби мерекесі – Металлургтер күнін ауқымды атап өтті

Ақсу ферроқорытпа зауытының ұжымы кәсіби мерекесі – Металлургтер күнін ауқымды атап өтті

 

 

Өткен аптада төрт жүзден астам зауыт қызметкері түрлі деңгейдегі марапаттар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Ал қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концерт пен отшашу моноқала тұрғындары үшін де ерекше сый болды дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Кәсіби мерекеде зауыт басқармасы алдындағы алаңда Құрмет тақтасы жаңартылды. Онда балқытушылар, слесарьлар, инженерлер және кәсіпорынның мақтанышына айналған өндірістегі озат 33 қызметкердің портреті қойылды. Металлургтерді кәсіби мерекемен ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов құттықтады.

 

- Сіздердің жұмыстарыңыз оңай емес. Сіздерді әрдайым үйде жақындарыңыз күтеді. Сондықтан ең алдымен өзіңізге және өз денсаулығынызға қамқор болыңыз. Тағы да кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отыра, әрқайсыларыңызға зор денсаулық, бақыт пен байлық тілеймін,-деді ERG Директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов.

 

Айта кету керек, құрмет тақтасын жаңарту жетекші кәсіпорының игі дәстүріне айналған. Ағымдағы жылы бұл құрметке ие болған қызметкерлердің барлығы алдағы бір жылда жалақыға 20% үстемеақы алады.

 

Сондай-ақ, өндірістегі жетекші кәсіпорын Ақсу ферроқорытпа зауыты металлургтер күнінде қала тұрғындарына да ерекше мерекелік демалыс сыйлады. Моноқаланың кішкентай тұрғындары үшін арнайы алаңдар жұмыс істеді. Сонымен қатар, аниматорлар жиналғандарға көтеріңкі көңіл күйін сыйлап, түрлі конкурс ұйымдастырып, сыйлықтар та табыстады. Балалар спорттық сайыстарға қатысып, салауатты өмір салтын дәріптесе, шығармашылыққа жақындары «Қазхром» логотипі бар магниттерді бояды.

 

Дүбірлі мерекеде ересектер арасында да кіл мықтыларды анықтады. Екі минут ішінде құм салынған қаппен отырып, тұруға ниет білдірген барлық тұрғындар қатысты. Сонымен қатар, дәл осы алаңда қол күресінің үздіктерін анықтады.

 

Кеште мерекенің басты кейіпкерлері үздік металлургтерге құрмет көрсетілді. Оларға кәсіби мерекеге орай құрмет грамоталары мен төсбелгілер, ақшалай сертификаттар табыстады. Сый құрметке ие болғандар арасында нәзікжанды қызметкер Ольга Фомина бар. Ол III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісіне ие болды. Еңбек өтілі – 18 жыл.

 

-Мен зауытқа кездейсоқ келдім. Өндірістік үй-жайларды тазалаудан бастадым, кейін конвейер машинисі болдым. Биыл бірінші рет марапатталдым, өте қуаныштымын. Әрине, бұл әйел адам үшін қиын жұмыс. Бірақ біз барлығына үйренісіп кеттік, жыл сайын еңбек жағдайлары да жақсарып келеді,- деді Ақсу ферроқорытпа зауытының конвейер машинисі Ольга Фомина.

 

Ал Ерік Алиев «Еңбек даңқы» орденінің толық кавалері атанды. Ақсу ферроқорытпа зауытында 41 жылдан бері еңбек етуде. Қазіргі уақытта ауысым шебері қызметінде.

 

- Зауытқа 1983 жылы келдім, әскерден кейін. Одан бұрын училищеде оқығанмын. Сосын әскерге барып, кейін зауытқа келіп 83 жылдан бері істеп жатырмын. Бригадир көмекшісі, ауысым шебері болдым,-дейді Ақсу ферроқорытпа зауытының №2 цехының ауысым шебері Ерік Алиев.

 

Ақсу ферроқорытпа зауытының бастамасымен қаланың басты алаңына қарама-қарсы орналасқан көпқабатты үйлердің бірінің қабырғасына кәсіби мереке қарсаңында мурал салынды. Күлімсіреген металлургтің портреті бірден моноқаланың басты көрікті орындарының біріне айналды. Ал кешке Ақсу тұрғындары үшін зауыт қызметкерлері және қаланың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен мерекелік концерт өтті.

Ауқымды концерттік бағдарлама қазақстандық эстрада жұлдыздары – Луина, "Kalifarniya" және "Royal beat" барабаншыларының керемет өнерімен жалғасын тапты. Металлургтердің дүбірлі думаны түнгі аспандағы түрлі-түсті отшашумен аяқталды.