• Басты бет
  • Экономика
  • Ақсу қаласындағы қара металлургия колледжінде жаңа химиялық зертхана ашылды

Ақсу қаласындағы қара металлургия колледжінде жаңа химиялық зертхана ашылды

Ақсу қара металлургия колледжі мен Ақсу ферроқорытпа зауыты арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Теорияны меңгерген студенттер енді жаңа зертхана арқасында болашақта өндірістегі бейімделу мерзімін қысқартып, жұмысқа қажетті дағдыларды жылдам меңгеретін болады. Сабақ барысында өткізілетін химиялық анализдер арқылы болашақ мамандар өз біліктілігін пысықтамақ.

 

-Бұл зертханада біз металдың құрылымын, сапасын, қасиетін зерттейтін боламыз. Осы зертхананың арқасында біз болашақта Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмыс істей аламыз. Қажеттінің барлығын үйрене аламыз,-дейді Ақсу қара металлургия колледжінің 2-курс студенті Адель Каймульдина.

 

Ақсу қара металлургия колледжінде химиялық анализ зертханасы бұрын соңды болмаған. Барлық стандарттарға сай жаңа кабинетке шамамен 30 миллион теңге жұмсалған. Ферроқорытпа зауыты зертханасы басшысының айтуынша қазір химия саласындағы білікті мамандар тапшы. Лайықты тәлімгерлерді оқыту үшін мұндай қолдау өте қажет.

 

- Мұнда фотоколориметрлік анализ, тетраметрикалық анализ, гравометрикалық анализ жасалады. Осы анализдер бойынша базаның барлығын студенттер осында үйренеді. Ол біздің зауытқа келген кезде барлық зертханалық жұмыстардың қалай жүргізілетінін біліп тұратын болады. Сол кезде олар біздің зауыттағы кәсіпқойлар істейтін ортаға еркін еніп кете алады,-деді Ақсу ферроқорытпа зауытының орталық зауыт зертханасының басшысы Лариса Саланова.

 

-Мен "Казхром" ТҰК басшылығына, оның ішінде Сергей Леонидұлына біздің колледждің оқытушылары мен студенттеріне осындай заманауи жабдықта оқытуға және оқуға мүмкіндік сыйлағандары үшін алғыс айтқым келеді. Біздің студенттердің барлығы Қазхром кәсіпорындарына жұмысқа орналасады,-деді Ақсу қара металлургия колледжінің басшысы Қайыржан Кәрімов.

 

Айта кету керек Ақсу қара металлургия колледжінде Ақсу ферроқорытпа зауытының өтінімімен 12 мамандық бойынша сұранысқа ие білікті кәсіп иелерін даярлайды. Ал жаңа химиялық зертхана теорияны практикада қолдануға керемет мүмкіндік болары сөзсіз.