Екібастұзда өсетін раушан гүлдер қайда кетті?

Осыдан 5 жыл бұрын Екібастұзда іске қосылған жылыжай голландтық тәсілмен раушан гүлдерін өсіріп, өңір тұрғындарына саудалаған еді. Тіпті, бірнеше жылға тұқым қоры да жеткілікті болған. Дегенмен, өткен жылы аталмыш өнім шығару жұмысы тоқтап қалыпты.

 

- Пандемия кезінде гүл сататын дүкендер жабылып, сұраныс төмендеді. Шыны керек, гүл сыйлайтын көңіл де болмады. Сондықтан кәсіпорын бизнес кескінін өзгертіп, тек қызанақ пен қияр өсіруге бағыт алған еді. Әзірге раушан гүлін қайта өсіру олардың жоспарында жоқ екен, - деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов.

 

Осылайша, қызанақ томатын өсіруге бағыт алған орталық Азиядағы ірі жылыжайлардың бірі өз өнімдерінің басым бөлігін экспортқа шығаруда. Бұл ретте, өңір басшылығы жүргізген келісім бойынша премиум санаттағы қызанақтардың бір бөлігі жергілікті дүкен сөрелерінде де қолжетімді. Бұдан бөлек, брифинг барысында Екібастұз қаласында жырға айналған оқу ортылығы құрылысы мәселесі де сөз болды.    

 

- Біз бұл оқу орталығын ғылыми бағытқа өзгерткіміз келеді. Бірінші кезекте көмір химиясы саласын зерттеу маңызды. Бұл сала, кәсіпорындар білікті мамандарды қажет етеді. Қазір аталмыш ғимарат бойынша құжат негізінде бағытын ауыстыру қиындықтар туғызуда, - деді Сәкен Шаяхметов. 

 

 

Ғимаратты көмір химиясын зерттеуге арналған оқу мекемесіне айналдырса, ол білім министрлігінің қарамағында болуы қажет екен. Сәкен Бейімбетұлының айтуынша бұл жағдайда олар өз талаптарын қояды. Ал жергілікті техникумдарға ұсынса, қажетті деңгейде жоғары ғылыми білім берілетіндігіне сенім аз дейді. Алайда, Екібастұз қаласын кешенді дамыту шаралары аясында, көптеген жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан нысан қолға алынбақ.