Енді жаңа көлікті автосалон ішінде рәсімдеуге болады

Ол үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік корпорацияда осылай деп мәлімдеді. Бұл аталмыш сала қызметкерлерінің жұмыс жүктемесін де азайтады дейді мамандар.

 

Әзірге бұл қызмет тек бір автосалонда пайда болды. Бұл көлік иелерінің уақытын едәуір үнемдемек. Айта кету керек, бұл қызметті пайдаланып үлгергендер де бар. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында хабарлағандай алдағы уақытта мұндай терезе басқа да автосалондарда пайда болмақ.

 

- Біздің қызметкеріміз автосалонда сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін қабылдайды. Сіз жаңа автокөлігіңізді тіркеп, мемлекеттік нөмірді таңдап, техпаспортты бірден салонда рәсімдей аласыз,-дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Павлодар облысы бойынша филиалының пиар-менеджері Мейрамгүл Әбдірахманова.

 

Ал жүргізуші куәлігін ауыстыру, көлікті қайта рәсімдеу нөмірлік белгіні таңдау, есепке қою бұрынғысынша eGov.kz порталында және екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшаларында қол жетімді.