Энергетиктер күнін «ЕЭК» АҚ қызметкерлері кең көлемде атап өтті

 

Бұл – жарық пен жылуды сыйлайтын жандар үшін кәсіби әрі көптен күткен мереке. Осыған байланысты салтанатты гала-кеш ұйымдастырылды деп жеткізді irbistv.kz тілшісі.

 

Ақсу электр станциясы – энергетика саласындағы көшбасшы кәсіпорындардың бірі. Мәдениет сарайына жиналған жандар күндіз-түні қазақстандықтардың үйлерінде жылу мен жарық үздіксіз болуы үшін тыңбай еңбек етуде. Энергетиктер үшін бұл мереке – жыл ішіндегі ең маңызды күндердің бірі.

 

-Біз – үлкен энергожүйенің бір бөлшегіміз. ERG тобының құрамына кіреміз. Әдетте, энергетиктер күні жыл соңында тойланады. Сол себепті өткен жылға қорытынды жасап, алдағы жоспарларымызды айтамыз. Биыл өңірімізде болған дауыл кезінде қызметкерлеріміздің көрсеткен патриотизмді, адалдық пен кәсібилікті ерекше атап өткім келеді,-деді «ЕЭК» АҚ бас директоры, Энергетика дивизионының бас операциялық директоры Дүйсен Мерғалиев.

 

Энергетиктерге салалық төсбелгілер, алғыс хаттар мен грамоталар табысталды. Сондай-ақ, қомақты ақшалай сертификаттар да берілді. Оның ішінде жазда өңірді шарпыған дауылдан кейінгі апат салдарын жоюға қатысқандар да бар.

 

- Мен станция ауысымының бастығы болғандықтан, апатты жою тікелей міндетім. Сонымен қатар, басшылықтың қолдауын сезіндік. Бас инженер мен директор жедел түрде орталық басқару бекетіне келіп, жедел штаб құрды. Қосымша персонал шақырылып, апат салдарын жою шарасы қысқа уақытта ұйымдастырылды,-деді «ЕЭК» АҚ станциясының ауысым бастығы Леонид Семидко.

 

- Мен бұзбай бақылау жөніндегі дефектоскопист қызметін атқарудамын. Біз түйіспелерді, дәнекерленген қосылыстарды тексеріп, ақауларды анықтаймыз. Алған марапатым – топ жүзеге асыратын барлық жобаларға қатысқаным үшін берілді. Ең ауқымды жобам – балаларға арналған «ERG батырлары» атты комикс. Ол үлкен таралыммен шығарылып, Қазақстан бойынша балаларға таратылды,-деді «ЕЭК» АҚ бұзбай бақылау жөніндегі дефектоскописті Данил Клинк.

 

«ЕЭК» АҚ ұжымының ұйымшылдығы мен үйлесімді жұмысының арқасында ірі зардаптардың алды алынды. Марапаттау рәсімдері арасындағы үзілістерде қызметкерлер қазақстандық эстрада жұлдызы Жаздәуреннің қатысуымен өткен мерекелік концертті тамашалады. Өз өнерлерін компания қызметкерлері де ортаға салды. Ал сахнаға кішкентай энергетиктердің шығуы көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

«ЕЭК» АҚ-да ұрпақтар сабақтастығы берік қалыптасқан. Энергетика саласының ардагерлері жас мамандармен тәжірбиесін ашық бөліседі. Бүгінгі мерекеге қатысқан жастар да ел үшін аса маңызды сала – энергетиканың дамуына үлесін қосуға дайын.