Инновациялық Еуразиялық университетте бизнес-инкубатор іске қосылды
INEU BUSINESS COMMUNITY жобасы бойынша оқытудың алғашқы легі аяқталып, екіншісі басталды. Естеріңізге сала кетейін, Павлодар университетінде «QazInnovations» инновацияларды дамыту бойынша ұлттық агенттік гранты арқасында бизнес-инкубатор іске қосылды. Оның қатысушылары аймағымыздың бастаушы және тәжірибелі кәсікерлері.
Жоба қатысушылары алты апта бойы түрлі бағыттар бойынша шеберлік сабақтарынан өтті. Ол - нарықтың маркетингілік зерттеулері, клиент бағдары, жеке брендті құру, зияткерлік меншікті қорғау және тағы басқа. Павлодар облысының жетекші жаттықтырушылары ғана емес, еліміздің сонымен қатар Инновациялық Еуразиялық университеттің ғалымдары мен профессорлары кәсіпкерлік құпиясымен бөлісті.
- Қатысушылар 25 шеберлік сабағына қатысып, кеңес беру кездесулерінен өтті. Трекермен жұмыс істеп, осының негізінде өз жобаларын дайындады. Біз бүгін ерекше көзге түскен бес негізгі жобаны тыңдаймыз. Олардың инновациялық жобалары қатты қуантады,-дейді жоба жетекшісі, PhD докторы Салтанат Жанұзақова.
Денис Денисов ИнЕУ-дің бизнес инкубаторында оқыған кезінде үлгілі жобалардың бірін жасаған. Бағдарламалық қамтамасыз ету және компьютерлік техника сатумен айналысатын кәсіпкер сауданы бақылау бойынша СРМ-жүйені жасауды шешкен.
-Бизнес жаттықтырушылар көптеген пайдалы ақпарат туралы айтты. Мен оны өз бизнесімде қолдана аламын. Құнды білім алдым,-дейді кәсіпкер Денис Денисов.
Әр қатысушы өз жобасын көрсетті, нәтижесінде барлығы сертификатқа ие болды. Ол технологияны коммерцияландыруға мүмкіндік беретін Qazinnovation конкурсына қатысуға жол ашады. Грант құны 20 миллион теңгеге дейін.