Ипотекалық мемлекеттік бағдарламалар қашан жабылады?
Мамыр айында қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төмен пайызбен несие алуға болатын «Баспана хит» бағдарламасын ағымдағы жылы, ал «7-20-25»-ті 2022 жылы қаржыландыру тоқтатылатындығын мәлім етті. Экономикаға дағдарыстың әсері азайған соң, ұлттық банк тұрғын үй нарығын тікелей қаржыландыру механизмінен бас тартпақ.
Павлодарлықтардың кейбірі бұл жаңалықтан кейін пәтер бағасы төмендейді десе, екіншілері керісінше, баспанаға қол жеткізу одан сайын қиындайды деген ойда.
-Таныстарымыз сол көмекпен пәтер алғандары бар. Ал қазір ол жабылғаннан кейін, жеңіл болады деп ойламаймын, - деді павлодарлықтардың бірі.
-Баға аспандап кетті ғой, болжам бойынша 30%-ға арзандай керек деп жатыр ғой. Бірақ бағдарламалардың сақталып қалғаны дұрыс болар еді, - дейді қала тұрғыны.
Сарапшылар болса жеңілдік жасайтын бағларламалар тоқтағаннан кейін екінші дәрежелі пәтер бағасына ғана әсер етуі мүмкін дейді. Жаңадан салынған тұрғын үй құнының түсу ықтималдығы төмен. Айту керек, Павлодарда пәтер кезегінде 15 мыңнан астам адам тұрған көрінеді.

