• Басты бет
  • Экономика
  • Jumys Party: ERG кәсіпорындары павлодарлықтарға 200-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды

Jumys Party: ERG кәсіпорындары павлодарлықтарға 200-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды

Алғашқы кәсіптік бағдар беру фестивалі жұмысшы мамандықтар жылына орайластырылды. Ұйымдастырушылар дәстүрлі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі форматын шоу-бағдарламамен шебер үйлестіре білді деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Кәсіптік бағдар беру фестиваліне жүздеген павлодарлық жиналды. Олар жұмыс берушілермен сұхбаттасып қана қоймай, өздерін болашақ қызметкер ретінде сезініп көрді. Арнайы ойын алаңдары мен шеберлік сағаттары, VR-экскурсиялар ұйымдастырылды. Келушілер жетекші кәсіпорындардың жұмыс киімдерін киіп, спорттық сайыстарға қатысып, түрлі сұрақтарға ойын форматында жауап берді.

 

- Бос орындар жәрмеңкесі қазір көбінесе тек әңгімелесу ретінде өтеді. Өйткені, кейінгі буын өкілдеріне мүлдем басқа формат қажет. Сондықтан осындай ауқымды отбасылық фестиваль ретінде ұйымдастырдық,-деді "Қазақстан алюминийі" АҚ таланттарды дамыту жөніндегі басшысы Елена Костюк.

 

Тың форматтағы жұмыс орындары жәрмеңкесін Еуразиялық топ кәсіпорындары - «Қазақстан алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ және «ERG Service» ЖШС ұйымдастырды. Жетекші кәсіпорындар сұранысқа ие 200-ден астам жұмыс орындарын ұсынды. «ERG Service» ЖШС-не электрмен дәнекерлеушілер, токарлар мен жүк тиегіштер қажет болса, Павлодар алюминий зауытында да сұранысқа ие мамандықтар тізімі белгілі.

 

-«Қазақстан алюминий» зауытында бос жұмыс орындар тізімінде электр газбен дәнекерлеуші, газ кесуші, электромонтерлер мен жүргізушілер бар. Қойылатын талап - орта білімі, жұмыс тәжірибесі болу керек. Ал егер жұмыс тәжірибесі болмаса, біз бәріне үйретуге дайынбыз, бізде тәлімгерлік бағдарламасы бар, барлық жаңадан қабылданған қызметкерлерді оқытамыз»,-деді Павлодар алюминий зауытының персонал және мәдениет жөніндегі директоры Жансая Альжанова.

 

Жұмыс іздеушілерге еңбек жағдайлары, әлеуметтік пакет пен мансаптық жоғарылау туралы толыққанды ақпарат берілді. Олар фестивальде түйіндеме жазып, әңгімелесуден өтті. Қатардағы қызметкерлерімен сөйлесіп, қажетті мамандықтар бойынша ақпарат алды.

 

- Қазақстан электролиз зауытындағы біздің цехқа слесарь-электрик, слесарь-жөндеуші, токарь, фрезерлеуші сияқты жұмысшы мамандықтары қажет. Кәсіпорын дамып келеді, жас мамандардың мансаптық өсуіне үлкен мүмкіндік бар,-деді "ҚЭЗ" АҚ орталықтандырылған жөндеу цехының жөндеу-механикалық учаскесінің шебері Жандос Нұрғалиев.

 

Өтініш берушілер арасында жастардың саны басым болды. Мәселен, 23 жастағы Денис жоғары білімді эколог. Ол «Қазақстан алюминийі» АҚ-да өзіне лайықты жұмыс тапқанын жеткізді.

 

- 2024 жылы оқуымды аяқтадым, әскерге барып келдім. Бұл шарада кәсіпорындардағы бос жұмыс орындары туралы ақпарат алдым. Түйіндемемді қалдырдым, енді кері байланысты күтемін,-дейді Данис Жуков.

 

Балалардың ойын алаңдары, спорттық челлендждер мен ұтыс ойындары іс-шараның көркін келтірді. Қатысушылар жетекші кәсіпорындардың естелік сыйлықтарына ие болды. Ал кәсіптік бағдар беру фестивалінің басты жүлдесі – Iphone17-ні павлодарлық мейірбике ұтып алды. Ауқымды фестивальде павлодарлықтар отандық өнеркәсіптің дамуына қатысу мүмкіндігі туралы толық ақпарат алды. Ұйымдастырушылар Жұмыс Party жастарға дұрыс таңдау жасап, ел игілігі үшін қызмет ету мүмкіндігін ұсынғанын жеткізді. Ал жетекші кәсіпорындар үшін ауқымда шара - ынталы қызметкерлерді табудың бірден бір мүмкіндігі.