• Басты бет
  • Экономика
  • Мәжіліс депутаттары Павлодардың алюминий және электролиз зауыттарына барды

Мәжіліс депутаттары Павлодардың алюминий және электролиз зауыттарына барды

ҚР Парламенті Мәжілісінің экология және табиғатты пайдалану мәселелері Комитетінің мүшелері Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді. Халық қалаулылары ERG-дің, атап айтқанда, "Қазақстан Алюминийі" АҚ және "ҚЭЗ" АҚ секілді өңірдегі ірі өнеркәсіп орындарын аралап, олардың экологиялық ахуалымен және табиғатты қорғауға бағытталған іс-шараларымен танысты деп хабарлайды irbistv.kz.

 

Мәжіліс депутаттары бастаған делегация әуелі «Қазақстан Алюминийі» акционерлік қоғамының өндірістік кешеніне барды. Көшпелі жиында депутаттар зауыттың технологиялық үдерісімен танысып, экологиялық қауіпсіздікке бағытталған жобалардың іске асырылу барысын көрді.

Алюминий зауытындағы жентектеу пештеріне орнатылған сүзгілер жаңартылып жатыр. Электросүзгілердің орнына гибридті сүзгілер орнатылады: олар тазалау сапасын арттырады және ұзақ қызмет етеді.

 

-ERG компаниясы Қытайдың гибридті сүзгілер шығару бойынша жетекші компаниясымен жасалған келісім аясында, бірегей сүзгі жүйесін Қазақстанда қолдануды көздеуде. Айта кету керек, мұндай технология Орталық Азияда әзірге ешбір елде жоқ, - деп мәлімдеді Қазақстандағы ERG Тобының бас директоры Серік Шахажанов.

 

Сондай-ақ, Павлодар алюминий зауытының барлық түтін мұржаларына орнатылған автоматтандырылған мониторинг жүйелерінің қызметі таныстырылды. Ауаға таралатын зиянды қалдықтардың мөлшері нақты уақыт тәртібінде көрсетіліп, олардың еуропалық стандарттардан еш кем еместігіне көз жеткізілді. Алдағы уақытта бұл деректер қоғам үшін де ашық әрі қолжетімді болмақ.

 

-Көптеген өндірістер өздеріне жаңа технологияларды енгізіп, қоршаған ортаға шығатын лас заттардың мөлшерін төмендеткен. Бұның ішінде ERG компаниясы көптеген жұмыс жасаған, технологияларына модернизация жасаған. АСМ жүйелі түрде мониторинг жасайтын құрылғыларды орнатқан. Жалпы осы Павлодар өңіріне барлық зияндаушы көздеріне осындай құрылғы орнатқан екен, - деп мәлімдеді ҚР Парламенті Мәжілісінің экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин.

 

Алдағы жылдары «Қазақстан Алюминийі» АҚ-ның электр станциясында біртіндеп қазандық агрегаттардағы сүзгілерді жаңғырту жоспарланған. Онда сондай-ақ жеңді сүзгілер орнатылады. Нәтижесінде әр қондырғыдағы зиянды заттар көлемі жылына мың тоннаға дейін қысқарады деп күтілуде.

«Қазақстан электролиз зауытында» мәжілісмендер «қанатты» металл өндіру үдерісімен танысты, энергия үнемдейтін электролиз технологиясын көріп, дайын өнімді қолмен ұстап көрді. Ал экология жағына келсек, мұржадан түтін шықпайтынына көз жеткізді — газ тазалау жүйесі тиімді жұмыс істеп тұр.

 

Бекбол Мырзахан