Мамандар павлодарлықтарды жылу үшін артық төлем жасамауға шақырды

Қыс басталғалы монополияға қарсы ведомстваға жылуға қатысты 30 шағым келіп түсті. Олардың басым бөлігі жылу жетіспеушілігі мен түбіртектегі еселенген сандар бойынша. Бүгінде аталмыш жағдайға мамандар түсініктеме берді.
- Заң бойынша өлшеу құрылғылары әрбір 4-5 жыл сайын тексерістен өту қажет деп жазылған. Осы ретте, үйге ортақ есептеу құрылғыларының мерзімі аяқталған жағдайда, есептеу норма бойынша жүргізіледі. Оны облыс әкімі аймаққа байланысты бекітеді. Павлодар үшін аталмыш норма 0,2 Гкал/м2, ал Екібастұзда 0,226 Гкал/м2, - деді ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитеті Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы м.а. Мирас Зеріпбаев.
2020-шы жылы Павлодарда 350 жылу есептеуіш тексерістен өтті. 300 көпқабаттыда мерзімі аяқталып қалған. Сол себепті тұрғындар үшін қымбаттырақ шығады. Мысалы, бір бөлмелі пәтер иесі 4 ай үшін 7,5 мың теңге төлейді. Құрылғы болмаған жағдайда екі есе көп. Есептеуіштің тексерісіне ПИК-тер жауапты. Алпауыттың ресми сайтында мерзімі өтіп кеткен құрылғылардың тізімі жарияланды.