Мойылды ауылындағы көп қабатты үйлер жылу мәселесіне тап болды

1991-ші жылға дейін аталмыш үйлер санаторидің теңгерімінде болып, барлық коммуникациялары қалыпты жұмыс жасады. Қайта жабдықтаудан кейін көпқабаттылар сусыз, жылусыз және кәріз жүйесінен ажыратылды.  

 

- Сол уақыттан бері біз пеш арқылы үйімізді жылытамыз. 5 қабатты үйлердің пәтер иелері орнатты. Әрбір баспанадан құбырлар жүргізілді. Түтіннен тұншыққан сәттер де болды, - дейді Центральная көшесіндегі №9-үйдің тұрғыны Наталья Шерстяникова.  

 

Пәтерлердегі мұндай құрылғыларды адамдар 20 жылдан аса қолданды. 2019-шы жылы халық дәстүрлі пештен бас тартып, орталық жылу жүйесіне көшу шешімін қабылдады. 

 

- 2020-шы жылы құбырлар тарта бастады. Қазба жұмыстары жүргізіліп, есептік кездесу барысында орталық жүйеге қосыласыңдар деді. Шыққан сомманы 8 жылға несие ретінде төлейміз. Әрбіреуінің шаршы метріне байланысты, - дейді Центральная көшесіндегі №9-үйдің тұрғыны Сания Галимова.  

 

Ай сайынғы төлем 1300-ден 8 000 теңге аралығында. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, модернизацияға шамамен 18 миллион теңге жұмсалды. Бұл қаражатқа желілер жаңартылып, автоматтандырылған жылу бекеті орнатылды. Күз айында іске қосылды. Алайда, бірнеше апта бұрын адамдар пәтерлерінде тоңа бастаған.   

 

- Жылыту кемдігі шынымен орын алды. Салқын болды. Қыркүйектің 2-сі күні біз Мойылды әкімдігімен жылу берушілер ретінде келісімшарт жасастық. Орталық жылыту бекетін теңгерімге алдық. Оны жөндеу барысында түтін сорғысында ақау анықталды. Сол себепті төмен температура  берілді, - деді «Горкомхоз модернизация жилья» ЖШС басшысы Ерік Каиров.

 

Түтін сорғысы жөнделді. Бүгінде ауылдағы көпқабатты үйлерге 70 градус берілуде. Пәтерлердің іші де ақырындап жылына бастады.