Мүлік салығын уақытында төлемесе, қарызға өсімпұл қосылады

 

 

Бұл туралы мемлекеттік кірістер департаментінде айтуда. Қазіргі таңда облыс тұрғындары мүліктері жайлы берешек соманы өтеу жөнінде жаппай хабарлама алуда дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Жер учаскелері, тұрғын үй, саяжай, ғимарат, гараж, автотұрақ, жертөле және басқа құрылыстарыңыз меншікте бар болса, ол үшін салық төлеуге міндеттісіз. Павлодар облысында 249 мыңнан астам салық төлеушілердің есептелген салығы 3 млрд 329 миллион теңге екен. Кейбір азаматтар өз пәтерлері үшін ғана емес, үлестері бар, ата-аналарының үйлері үшін мүлік салығын өтеу жайлы хабарлама алуы мүмкін.

 

- СМС-хабарламалар, екінші деңгейлі банктерден, пуш-хабарламалар келіп түсіп жатыр. Егер бір мүлікті, бірнеше тұлға иелік етсе, өкілетті органдардан келіп түскен мәліметке сүйене отырып, сол тұлғалардың біреуіне ғана салық жіберіледі,-деді Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары басқармасының бас маманы Миргүл Мажимова.

 

Осы бүгінгі күні облыстағы мүлік салығы жалпы көлемінің 2 млрд теңгеге жуығы төленген екен. Айту керек, 2023 жыл үшін жеке тұлғалардың мүлік салығын өтеу мерзімі ағымдағы жылдың 1 қазанынан кешіктірілмеуі тиіс. Болмаған жағдайда, қарыз үстіне өсімпұл қосылады.

 

Фото: Freepik.com