• Басты бет
  • Экономика
  • Облыс бойынша құс тұмауынан қырылған құстардың иелеріне өтемақы беріле бастады

Облыс бойынша құс тұмауынан қырылған құстардың иелеріне өтемақы беріле бастады

Құс тұмауы облыстың 7 елді мекенінде тіркелген. Үш дерек Железин, бір ошақтан Тереңкөл, Ертіс және Ақтоғай, Баянауыл аудандарында. Барлығы 3 мың 163 құс қырылып қалған. 26 367-сі тәркіленіп, көзі жойылды. Ауыл шаруашылығы министрлігі аймаққа 503 мың вакцина дозасын бөлген. Оның 499 мыңнан астамын жұмсаған. Облыстық ветинспекциясы қызметкерлерінің ақпараты бойынша құстың өлуі тоқтаған. Республикалық бюджеттен өтемақы сомасы тағайындалған. 

 

- Бүгінгі таңда Павлодар облысы бойынша қаздың біреуі 6,5 мың теңге. Үйрек 3 516 теңге, бір тауық 1,187 теңге, ал күрке тауық 5 мың тг. Біз осы аптада алғашқы төлемдерді таратамыз деп отырмыз, - деді ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің  Павлодар облысы аумақтық инспекциясының басшысы Рашид Нұрбеков.

 

Өтемақыны құсын тәркілеген және қанаттылары қырылып қалған адамдарға да төлейді. Бастысы құжаттары болуы керек. Ертіс, Тереңкөл, Железин аудандарында құжаттар пакеті дайын. Мәліметтердің толықтығын республикалық эпидемияға қарсы жасақ та тексереді.

 

- Бұл ауыл әкімінің шешімі, тәркілеу және көзін жою туралы актілер. Сол аулада індеттің болғаны туралы сынақ хаттамасы, сараптама нәтижесі. Шаруашылық кітабы бойынша анықтама және есепшот нөмірі. Бұлардың барлығы біз жинайтын құжаттар. Біз олардың әрқайсысына осылай жинаймыз. Әйтпесе ертең ақша қай есепшотқа түседі? Қанша түседі деген сұрақтар орын алады. Облыс бойынша жалпы сома 83,2 млн теңгені құрайды, - деп атап өтті Рашид Нұрбеков. 

 

Құс тұмауы тіркелген соңғы деректен кейін 21 күннен соң елді мекендердегі карантин алынып тасталады. Сонымен қатар қырылып қалған құстар бойынша зертхана нәтижесі де шықты. Оларды Кенжекөл ауылы жанындағы жол маңайында шашылып жатқан жерінен тапқан еді. Ветинспекторлардың болжамы дөп келді. Қанаттылар көлікпен тасымалдау кезінде қапта тұншығып қалған.