Павлодар қаласында заңсыз тұрғызылған екі құрылыс нысанын бұзу туралы сот шешімі шығарылды
Бұндай олқылықтарды алдын алу үшін, қадағалауды күшейту қажет дейді аймақ басшысы Асайын Байханов. Құрылысқа мемлекеттік бақылау жүргізу мәселесі облыс әкімдігінің аппараттық жиынында талқыланды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Биыл Павлодар облысында құрылыс-монтаждау бойынша 63 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, олардың нәтижелері бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы 85 хаттама жасалды. Бұл туралы сәулет-құрылыс бақылау басқармасында мәлім етті.Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 36,6 млн. теңгені құрады, оның ішінде әкімшілік соттың шешімдері бойынша – 4,7 млн.теңге. Мысалы, Павлодарда заңсыз салынан екі нысан анықталған.
- Жұмыстың қорытындысы бойынша заңсыз тұрғызылған құрылыстарды бұзу туралы заңды күшіне енген екі сот шешімі бар. Бұл Академик Бектұров, 20, қолданыстағы ғимаратқа қосымша құрылыс салу және Мәскеу, 71 мекенжайы бойынша бокс құрылысы. Осы күні бірінші нысанда заңсыз құрылысты бөлшектеді, екіншісі бойынша атқарушылық іс жүргізілуде,-деді Павлодар облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы Қазбек Арантаев.
Аймақ басшысы қала мен аудандардағы барлық құрылыс нысандарын бақылау-қадағалау қызметін жүйелі түрде өткізуді тапсырды. Түсініспеушіліктерді алдын алу қажет дейді.
- Естай көшесіндегі қан тапсыру орталығына қарсы салынған тұрғын үйге қатысты жағдай осыған мысал. Сол сияқты жағдайларды болдырмау керек. Уақытында әрекет ету керек, үйдің құрылысы басталғанда емес, қазаншұңқыр қазған кезден араласа бастау керек,-деп жеткізді облыс әкімі Асайын Байханов.
Өңірдегі құрылыс қарқынды болғандықтан, нысандардың барлығына шығып, тексеріс жүргізу аса маңызды. Осы орайда, мемлекеттік құрылыс инспекторларының штат санын ұлғайту мәселесі қарастырылуда.
Авторы: Дархан Бекишев
Фото: magnific.com
