Павлодар үйлеріне ыстық су қашан беріледі?

 

 

Гидравликалық сынақтардың қорытындысы бойынша облыс орталығында 120 ақау анықталып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соған байланысты ыстық су берілу мерзімдері жария етілді деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Павлодардың оңтүстік бөлігінде жүргізілген сынақ қорытындысы бойынша желілерде 69 зақым анықталды. Олардың басым үлесі ішкі аумақтарда. Ал солтүстік аумақта 51 ақау тіркелген. Осы орайда ыстық судың ұзақ уақытқа өшірілуі біршама қолайсыздық тудыруда дейді шаһар тұрғындары.

 

-Ыстық суды жылытып, шәйнекті қолданамыз. Жақын арада қосылады дегендеріне біраз болып қалды ғой,-деп жеткізді қала тұрғындарының бірі.

 

-Кішкентай балалары бар жанұяларға ыстық сусыз қиын. Күтеміз енді. Амал жоқ,-деді өзге павлодарлық.

 

Бұл ретте, энергетика компаниясы ақау анықталған жерлерде ретке келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Павлодардағы үйлерде ыстық судың қашан болатынын айтты.

 

-Ақаулар реттелген бетте көп қабатты үйлерге ыстық су жіберіледі. Болжам бойынша қаланың оңтүстік бөлігі 25-ші тамыз, ал солтүстік бөлік 28-ші тамыз деп белгіленіп отыр,-деді «Павлодарэнерго» АҚ коғаммен байланыс жөніндегі бөлімінің басшысы Екатерина Байжұманова.

 

Жүйе толтырылғаннан кейін қандай да бір ақау анықталса аталған көпқабатты үйлер мәселе шешілгенге дейін ыстық судан қағылады. Тұрғындарға бұл туралы алдын ала хабар беріледі.

 

Фото: Freepik.com