Павлодар әуежайының басшылығы 600 мың теңгеден астам айыппұл төледі

 

Оны бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінде жазып берген. Оларға әуежай ғимаратындағы жалдың қымбаттығы туралы шағым түскен. Тексеріс жүргізіп, бағаны көтеруге негіз бар екені анықталды дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Қазақстандық әуекомпанияларының бірі жалдық құнын көтергені туралы шағыммен жүгінген. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап әуежай ғимаратындағы 1 шаршы метр екі мың теңгеге дейін өсіп кеткен дейді. Бұл Павлодардағы жалғыз әуе айлағы болғандықтан мәселеге бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінің мамандары араласқан.

 

- Тергеу нәтижесі бойынша біз жоғары баға туралы деректі тексердік. Ол расталмады. Әуежай өзінің неге бағаны көтергеннін түсіндірді. Бұған жалақыны көтеру мен тазалық құралдары және коммуналдық қызметтердің шығыны көтерілуі себеп болған,-деді Павлодар облысы ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаменті тергеу бөлімінің басшысы Әлия Тұрсынбаева.

 

Алайда айыппұлдан құтылу мүмкін болмады. Тексерушілер тексеріс алдында жалдық ақыны көтеруге негіз болатын құжаттарды сұраған. Оны әуежайдан бес күні ішінде жіберуге тиіс болған. Алайда жібермепті. Нәтижесінде заң бұзғаны үшін 600 мың теңгеден астам айыппұл жазып берген. бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі департаментінде жыл басынан бері заң бұзу бойынша алты тергеу жүргізген.