Павлодар өңірінде 20 мыңнан аса адам декларация тапсырмаған
Есеп беру мерзімі 16 қыркүйек күні аяқталған. Енді барлығына бірдей міндетке мойынсұнбаған азаматтарға ескертулер жолданбақ дейді irbistv.kz тілшісі.
Елімізде жалпыға бірдей міндетті декларация тапсырудың үшінші кезеңі аяқталды. Биыл кәсіпкерлер – заңды тұлғалардың басшылары мен олардың жұбайлары, сондай-ақ, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары есеп берушілер қатарына қосылған еді. 16 қыркүйек күні декларацияны ұсынудың соңғы кезеңі аяқталды. Үлгермеген жерлестеріміз аз емес, нәтижесіне біздің облыс антирейтингке түсіп қалған.
-184 мың декларацияны тапсыратын міндеттері бар адамнан, 160 мыңға жуығы тапсырды. 20 мыңнан астамы тапсырған жоқ. Біздің Павлодар облысы рейтинг бойынша, астынан үшінші орында тұр. Есеп беру көп уақыт алмайды. 1-2 минут, банктардың, комитет қосымшасымен тапсыруға болады,-деді Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов.
Айту керек, бірінші рет декларацияны ұсынбау немесе ақпаратты анық емес көрсету ескерту түріндегі әкімшілік жауаптылыққа әкеледі, ал бір жыл ішінде бұзушылықтар қайталанса, 55 380 теңге (15 АЕК), мәліметті анық емес көрсеткені үшін – 11 076 теңге (3 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.
Фото: Freepik.com