Павлодар өңірінде көпжылдық шөп отырғызбау салдарынан жер өнімділігі төмендеп барады
Облысымыздағы ауыл тұрғындары мал жаятын өріс жоқ деп айтып жатқанына біраз болды, ал дәл қасында сол мыңдаған гектар аумақты ұстап, егін егіп отырғандар жылдан-жылға жердің бонитеті, яғни құнарлығы жоғалып барады деп мұңын шағуда. Депутаттарға бұл туралы ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері жеткізді.
-Ауылдықтар мал асыраудан бас тартып жатыр. Кешегі өндірушілер, бүгін тұтынушыларға айналды. Бұл масқара. Қиын жағдайда, біз оларға ешқандай көмек тетігін де ойластыра алмай жатырмыз. Нәтижесінде ауыл тұрғындары қалаға барып азық-түлік алуға, тіпті көшіп кетуге мәжбүр,-деп жеткізді ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мойылжан Қанаев.
Тәжірибелі қариялардың айтуынша, Павлодар облысындағы жайылымдық жерлерді тыңайту, көпжылдық шөп отырғызу әбден ұмытылған. Сол себепті соңғы 30 жылда еліміздің солтүстік аймағындағы егістік жерлердің өнімділігі 40 пайызға төмендеген. Өрістердің топырағы тұзданып, жер қабаты әбден тозған дейді ғалымдар. Бірақ оларды тыңдайтын құлақ жоқ көрінеді.
-Павлодар облысындағы жер өнімділігі жылдан жылға төмендеп арады. Топырақ әбден тұзданып кетеді деген қауіп бар. Шұғыл әрекет ету қажет. Біздің ата-бабаларымыз қанын төгіп қорғаған жерге ұқыпты қарай алмай жатырмыз. Біздің ғылыми жұмысты керек қылмайды,-деп шағымданды ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Құдайберген Қанапьянов.
Облыстық мәслихаттың аграрлық комиссиясына қатысқан сала ардегерлері топырақтың құнарлылығын арттырып, дақылдардың өнімділігін жақсарту үшін ауыспалы егіс мәселесін назарда ұстауды өтініп, көпжылдық шөптер алқабы жүйелі түрде жаңартудың шешім жолдарын ұсынды.