Павлодар өңіріндегі азық-түлік бағалары тұрақталады ма?

 

 

Дүкен сөрелерінде көкөністер бағасы төмендеген. Бірақ, бұл тенденция тұрақты ма? Жергілікті шенеуніктер болжамдар жасауға асықпайды. Дей тұра, өңірдегі тұрақтылық қоры әлі де толықтыруды қажет етеді дейді irbistv.kz тілшісі.

 

Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтетін «Жайлау» базарында жұмыс күндері кісі көп емес. Бірақ, төмен бағаларды іздеген жұртшылық қаланың шетіне келуге дайын. Солардың қатарында Берік те бар. Үй маңындағы дүкендердегі тұрақтылық жоқ дейді.

 

-Азық-түлік күнделікті қажет. Сол себепті ол қымбаттаса да оны сатып алудан басқа амал жоқ. Сұраныс жоғары болғандықтан, бағалар да қайта-қайта өсе береді. Бұл жақсы емес. Дүкен сөресіне келіп, белгілі бір тауарды сатып алуға ақшасы жетпей қалғандар жиі кездеседі. Әсіресе зейнеткерлерге қиын-,дейді Берік есімді қала тұрғыны.

 

Алайда, өткен жылғы көкөніс құнының шарықтап кетуі биыл көрініс тапқан жоқ дейді кәсіпкерлік басқармасында. Жергілікті өндіруші тауарларының арқасында нарықтағы әлеуметтік маңызы бар көкөністер бағаларын екі есе төмендету мүмкін болған.

 

- Қазір пияз бағасы 80 теңге. Бірақ өткен жылы, дәл осы кезде ол 180-200 теңгеден саудаланған еді. Орамжапырақ бағасы келісі 250 теңгеге дейін көтерілген еді. Картоп пен сәбіз 200 теңгеден сатылған еді. Қазір көкөністер арзан,-деді Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы сауда-саттық бөлімінің басшысы Кәрімжан Байсарин.

 

Бағалардың тұрақты өзгермей тұруы мықты қорға байланысты. Әзірге, көкөністер жеткілікті екен. Бірақ, бұл көпке ұзайды ма? Шенеуніктер болжам жасауға негіз жоқ дейді. Әдеттегідей, барлығын құбылмалы нарыққа нұсқады.

 

- Өндірушілердің қоймаларына бардық. Өткен жылғыдан 250 тонна картоп пен 120 тонна сәбіз бар. Әрине, біздің өңіріміз үшін бұндай қор жеткілікті деуге келмейді. Көкөніс аяқталғанда, бағалар қалай өзгеретінін болжап айту қиын. Нарықта кез келген дүние орын алуы мүмкін,-деді «Павлодар ӘКК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Бек Оразғұлов.

 

Кәсіпкерлік корпорациясы қорды жинау мақсатында оңтүстіктен көкөніс жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде.

 

Фото: Freepik.com