Павлодар дүкен сөрелерінде қайтадан жұмыртқа қымбаттады

 

 

Бұл туралы тұрғындар шағымданып, арнамызға хабарласуда. Сөрелердегі құны 700-ге дейін барады. Осы орайда әлеуметтік азық тізіміне кіретін 1-ші санаттағы өнімдердің өзі 500 теңгеден асып жатады.

 

Павлодар облысында жұмыртқаның құны бір жылда 14,7% артып отыр. Қала тұрғындары сауалнама барысында азықтың бұл түрін орташа 500 бен 700 теңге шамасында алып жүргендігін жеткізді. Өсім динамикасы бәсеңдемейтін көрінеді.

 

-Зейнеткер болғандықтан, әрине, қатты сезіледі. Соңғы рет жұмыртқаны 626 теңгеден сатып алғанмын. Өте қымбат, -дейді қала тұрғыны.

 

-Қымбаттаса да, аламыз. Енді не істейміз, басқа амал жоқ, -деп жеткізді өзге павлодарлық.

 

Павлодарлық әлеуметтік дүкен сөрелеріне барғанда, 1-ші санаттағы жұмыртқа 530, ал сұрыпталғаны 570 теңгеден сатылып жатқанын байқадық. Бұл ретте, тұрақтандыру қоры ұсынатын жұмыртқа дүкен сөресінде болмады. Сатушылардың айтуынша, арзан өнім тез өтіп кетеді. Сондықтан барлығына жетпейді. Тәуелсіз сарапшылардың зерттеуі бойынша, биылғы қазан айының қорытындысына сәйкес жұмыртқа бағасы бір айда 6,3%-ға, жыл ішінде 14,8%-ға қымбаттаған. Ұлттық статистика бюросы мәлім еткендей, бір аптада 1-ші санаттағы жұмыртқа бағасы 1,4 %-ға өсті. Дей тұра, кейбір азық құны төмендей түсті. Осылайша, қарақұмық 0,2 %-ға, сәбіз 0,8 %-ға, қант 0,5 %-ға арзандап отыр.