Павлодар колониясында халал сабын өндірілуде
Түзету мекемесінде жуу құралдарынан басқа, спорттық киім шығаруды да қолға алған деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
Павлодар қаласында ораласқан №46 мекемеде қойдың майынан халал сабын өндірісі іске қосылған. Сол арқылы сотталғандарға жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті өндірісті қолдауға мүмкіндік пайда болған. Кір сабын халал стандартының талаптарына сай әзірленеді.
-Бұл кәсіпкерлік жоба қамаудағы адамдарға қатысты көзқарасты өзгертуге көмектесетініне сенімдіміз. Сотталғандарды оңалту мен әлеуметтендіруге, сондай-ақ нарықта сұранысқа ие өнімдерді өндіруге бағытталған, - деді №46 мекеме басшысы Сұлтан Бакин.
Бұдан бөлек колонияда Tauba брендімен спорттық костюмдер де тігіледі. Модельдер сапа мен стильді үйлестіріп, сотталғандарға өз шығармашылық қабілеттерін көрсетуге де мүмкіндік беріп отыр. Өндірілген өнімдер жергілікті және ұлттық нарықтарда қолжетімді болады. Бұл сотталғандардың еңбекке орналасу және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін арттырмақ.
Фото: Облыстық ҚАЖД