• Басты бет
  • Экономика
  • Павлодар облысы шекарасынан Ресейге өту үшін алдын ала электронды кезекке тіркелу қажет

Павлодар облысы шекарасынан Ресейге өту үшін алдын ала электронды кезекке тіркелу қажет

 

Жаңа талап экспортқа тауар тасымалдаушыларға қатысты екен. Болмаған жағдайда бекеттерден қайта бұрылуға мәжбүр болады дейді irbistv.kz тілшісі.

 

15 ақпаннан бастап облысымызбен Ресей шекарасы арасындағы «Найза» бекетінде «CarGoRuqsat» электрондық кезек жүйесі күшіне енген еді. Бұл жүйеде көлікпен тауар тасымалдаушылар кезекті алдын ала брондап, ақпараттық жүйелерде қажетті құжаттарды тексеруді автоматтандыру мүмкіндігін ие болған еді. Осылайша, шекарадан өту әлдеқайда жылдам өткізілетін. Бірақ, бұл үшін ертерек қамданған жөн. Жаңашылдық тамызда өзге бекеттерде де енгізіледі.

 

- 15 тамыздан бастап Павлодар облысы мен ресейлік Омбы шекарасындағы «Амангелді» автомобиль өткізу пунктінде электрондық кезек жүйесі енгізіледі. Ал 29 тамыздан бастап «Шарбақты», «Үрлітөбе» шекара бекеттерінде де тасымалдаушыларға Ресей шекарасынан өту үшін кезекті алдын ала брондау тәртібі күшке енеді. Сондықтан түсініспеушілік пен кептеліс орын алмау үшін экспорт жүзеге асыратын тасымалдаушыларды алдын ала ескертеміз,-деді Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті экспорттық бақылау бөлімінің басшысы

Мақсұт Қаңтарбаев.

 

«CarGoRuqsat» қосымшасы немесе сайты арқылы тасымалдаушы өткізу пунктін таңдап, шекарадан өту күні мен уақытын көрсетуі және жүргізуші мен автокөлік туралы деректерді толтыруы міндетті. Электрондық талон құны 1 АЕК. Айту керек, жарты жыл ішінде өңірдегі «Найза» бекеті арқылы онлайн брондау сервисі арқылы 897 автокөлік кезек алып, шекарадан өткен. Талон арқылы 3 миллион теңгеден астам салық өндірілді.