Павлодар облысы тұрғындарына қияр мен қызанақ арзан бағамен сатылады

 

 

Бұл Павлодар облысы әкімдігінің жылыжай кешендерімен жасасқан серіктестік жөніндегі меморандум арқасында мүмкін болды деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.

 

Бүгінде өңірімізде жылына 14 мың тоннадан астам көкөніс өндіретін үш ірі жылыжай кешені жұмыс істейді. Облыс әкімдігі аталмыш кәсіпорындар жетекшілерімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою арқылы, өнім бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеуге және қыс мезгілінде үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуге назар салып отыр.

 

- Халықтың жағдайына әсер ететін сұрақтардың бірі. Сондықтан мәселені назардан тыс қалдырмаймыз. Әлеуметтік азықтың арзан болуы біз үшін маңызды. Павлодар облысы тұрғындары үшін осында өсірілген қандай да бір өнім сәл болса да, арзан болғанын дұрыс деп санаймын,-дейді облыс әкімі Асайын Байханов.

 

Мерекелік маусымда құны артатын қияр мен қызанаққа басымдылық берілмек. Осылайша, жергілікті көкөністер дүкен сөрелерінде арзан бағамен ұсынылады. Бұл алдыңғы жылдардан бері қолға алынып келе жатқан, жақсы дәстүрге айналуда.

 

-Қияр 980 теңгеден, қызанақ 925 теңгеден әлеуметтік дүкендерде және өзіміздің нарықта, «Жайлау» базарында сатылады. Сол сияқты Ақсу, Екібастұз қалалары, аудандарда сұраныс бойынша көкөністер жеткізіледі де, өткізіледі. Бүгінгі күні 140 тонна қиярға, 100 тоннадан астам қызанаққа келісім бар,-деп мәлім етті Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары Рашид Кокишев.

 

Ал ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде – қияр 890 теңге, қызанақ 840 теңгеден сатылады. Көкөністің бұл түрлері әлеуметтік бағалармен 5-ші желтоқсаннан бастап Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының дүкен сөрелеріне жеткізіледі.

 

Фото: Freepik.com