Павлодар облысына жұмыс сапарымен ҚР Премьер-Министрі келді

 

 

Олжас Бектенов Екібастұз қаласына барып жылу электр орталығын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

Олжас Бектенов кеншілер қаласында коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Екібастұздың жылумен жабдықтау жүйесін қалпына келтіріп, жаңғырту үшін үкімет резервінен 16,4 млрд теңге бөлінген еді. Премьер-Министр жұмыс қарқынын арттырып, желі мен жабдықтар тозуын азайту қажет екендігін алға тартты.

 

-Былтыр Республикадан да, ЖЭО иелері есебінен де қомақты қаржы бөлінген еді. Соның арқасында нысанды қала желілерін де, жөндеуден өткізген едік. Биыл да біз қолдау көрсетеміз. Республика және жергілікті бюджет есебінен. Бар резервті жұмылдыру керекпіз. Әлбетте қолдаймыз. Жылусыз ешкім қалмайды,-деді ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов.

 

Асайын Байханов облыстың үш қаласындағы жөндеу науқанының жоспарын ұсынды. Екібастұзда жылу магистральдарын күрделі жөндеу жобалау-сметалық құжаттамасы, кәріз коллекторы мен Майқайың су құбырын күрделі жөндеу жобалары әзірленді. Ал Павлодарда ТМ-13 құрылысы, Ақсуда орамішілік жылу желілері күрделі жөндеу қажеттілігі де айтылды.

Премьер-Министр Екібастұздағы жаңа балалар шығармашылығы сарайының құрылыс барысымен де танысты. Өнер ордасы жоғары технологиялық құралдармен жабдықталады. Ғарыштық радиобайланыс клубы, робототехника, өнеркәсіптік сәулет және дизайн студиялары, ғылыми-биологиялық зертхана, коворкинг-аймақ, дыбыс жазу студиясы, фотография академиясы, көркем-эстетикалық шеберханасы, спортзал және т.б. ашылады деп көзделіп отыр.

 

- Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша салынып жатқан объект, сондықтан сапасы да өте жоғары деңгейде болуы керек. Мұндай орталықтар балалардың бос уақытын қамтып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, қосымша білім алуына мүмкіндік береді. Орталық іске қосылғаннан кейін қалада қосымша біліммен қамту деңгейі 70%-ды құрамақ. Жоба менің жеке бақылауымда болады,-деп жеткізді Премьер-Министр.

 

Заманауи орталық балаларды сапалы қосымша біліммен қамтуды кеңейту мақсатында бой көтермек. Премьер-Министр әкімдікке жобаның уақтылы іске қосылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Нысан ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да бейімделмек.

 фото: ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі