Павлодар облысында қант бағасы қымбаттады

Павлодар облысында қанттың бөлшек саудадағы бағасы өсті. Қазіргі таңда дүкендерде оның бір келісі 510–530 теңге аралығында сатылып жатыр деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі. Жергілікті билік мұны тосап дайындау маусымында сұраныстың артуымен байланыстырады.

Мамандардың айтуынша, қантқа деген сұраныс жыл сайын жаз мезгілінде көбейеді. Биыл оған қоса аптап ыстықтың салдарынан жеміс-жидек өнімі азайып, бағасы айтарлықтай қымбаттаған. Бұл қысқа азық әзірлейтін тұрғындардың шығынын арттырды.

Көп жылдан бері базарда сауда жасап келе жатқан павлодарлық Раиса Богданованың айтуынша, ыстық ауа райы өнім көлеміне кері әсерін тигізген.

Ыстықтың кесірінен өнімнің көбі қурап қалды. Өзімнің де саяжайым бар, қанша күтім жасағанымызбен, сақтап қала алмадық. Биыл шиенің келісі 900–1000 теңгеге дейін жетті, таңқурай 3000 теңгеден сатылды. Құлпынайдың бағасы 1500–2000 теңге болды, – дейді тұрғын.

Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының мәліметінше, өңірдегі қант бағасына күн сайын мониторинг жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік тұрақтандыру қорынан қант серіктес дүкендерге төмендетілген бағамен жеткізіледі.

-Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорынан қанттың бір келісі 430 теңгеден босатылуда. Ал серіктес әлеуметтік дүкендерде ол 490 теңгеден сатылып жатыр. Нарықтағы орташа бөлшек сауда бағасы 510–530 теңгені құрайды, - деп мәлімдеді Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының сауда саясаты бөлімінің бас маманы Шыңғыс Құсман.

Бүгінде тұрақтандыру қорында 213 тонна қант қоры сақтаулы. Мамандар бұл қор өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп есептейді. Айта кетейік, соңғы апталарда қант бағасының өсуі Қазақстанның бірқатар өңірінде тіркелген.