Павлодар облысында 4,5 мыңнан астам бос жұмыс орны бар

Павлодар облысында қазір 4,5 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Еңбек нарығында өндіріс, медицина, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларының мамандарына сұраныс жоғары деп хабарлайды irbistv.kz

 

Еңбек нарығындағы қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі — IT саласы. Дегенмен Павлодар облысы өндірістік өңір болғандықтан, жергілікті кәсіпорындарда техникалық және жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары.

Зауыттар мен фабрикаларға дәнекерлеуші, электрик, механик секілді мамандар қажет. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында да тұрақты жұмыс орындары бар.

 

— Қазіргі таңда жалақы мөлшері біліктілігі жоқ, тәжірибесі жоқ азаматтар үшін 200 мың теңгеден басталады. Ал сұранысқа ие өндірістік мамандықтар бойынша 500 мың теңгеге дейін, одан да жоғары болуы мүмкін. Бізге жүгінген әр адамға барынша қолдау көрсетуге тырысамыз. Жастарға тәжірибе жинақтауға мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарламалар да бар, - деп мәлімдеді Павлодар облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығының директоры Қазыбек Жомартов.

Мамандардың айтуынша, жұмыс іздеген азаматтарға мүмкіндік жеткілікті. Ең бастысы — ұсынылатын қызметке қойылатын талаптарды алдын ала біліп, өз қабілеті мен тәжірибесіне сай бағытты таңдаған жөн.

Мәселен, Павлодар қаласының тұрғыны Динара Амортаеваның екі жоғары білімі бар. Алайда осыған дейін мамандығы бойынша тұрақты жұмыс істемеген. Әртүрлі уақытта әкімші болып еңбек етіп, қосымша табыс көздерін іздеген. Енді ол еңбек жолын жаңа бағытта жалғастырмақ.

 

— Менің екі дипломым бар. Бірақ қаржылық жағдайға байланысты мамандығым бойынша жұмыс істей алмадым. Ойлана келе, Мансап орталығына жүгіндім. Маған екі жұмыс орны ұсынылды. Қазір соларды қарастырып жатырмын, - дейді Павлодар қаласының тұрғыны Динара Амортаева.

Мансап орталығы мамандарының айтуынша, жұмыс іздеушілер жиі жіберетін қателіктің бірі — жұмыс берушімен сұхбатқа дайындықсыз бару. Сонымен қатар кейбір азаматтар еңбек нарығындағы нақты сұранысты ескермей, тек өздері қалаған қызметті талап етеді.

Бүгінде Павлодар облысында 14 мыңға жуық адам ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген.

Бекбол Мырзахан