Павлодар облысында атаулы әлеуметтік көмек алатындар азайған

Облысымызда атаулы әлеуметтік көмек 3500 жанұяға беріледі. Оларға орташа алғанда 55 мың теңгеге жуық төленеді. Өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік көмек алушылардың саны 1500-ге азайған. Себебі еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмысқа орналасыпты.

 

- 2020 жылы ТЖ жарияланған кезінде АӘК алушылар 2-тоқсаннан бастап бүгінге дейін автоматты түрде ұзартылды. Пролонгация өтті. Бірақ өткен тоқсанның кірістерін санау бойынша. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанына да автоматты түрде ұзартылды, - деді Павлодар облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының әлеуметтік көмек және әлеуметтік серіктестік бөлімінің бас маманы Венера Демеубаева. 

 

Сонымен қатар АӘК алатын отбасылардан 1-6 жасқа дейінгі 3350 бала кепілдендірілген әлеуметтік пакеттермен қамтылады. Бұл азық-түлік және тұрмыстық-химия тауарлары. Қазіргі таңда оларды тарату басталды. Ал ата-аналарға ыңғайлы болуы үшін пилоттық жоба жұмыс істеуде. Тек электронды цифрлық қолтаңбасы болса жеткілікті.

 

- 1-6 жасқа дейінгі АӘК алатын балалардың кепілдендірілген пакеттері әлеуметтік портал қызметі бойынша беріледі. Ең бастысы аналар үйлерінен шықпай сапалы пакеттерді таңдай алады, - деді Венера Демеубаева.

 

Жыл басынан АӘК-ке портал арқылы 280 өтінім қабылданды. Биыл жалпы 4000-ға жуық отбасыны қамтымақ. Сонымен қатар мамандар өткен жылы көмек алушылардың қатарынан бірде бір ереже бұзушылық тіркелмегенін айтты.