Павлодар облысында азық-түлік қоры жеткілікті
Бүгінде облыстық тұрақтандыру қорының қоймаларында 14 мың тонна алғашқы қажеттіліктегі азық-түлік сақтаулы деп хабарлайды irbistv.kz тілшісі.
-Қазіргі таңда бұл қоймада шамамен 1,6 мың тонна өнім сақтаулы. Оның ішінде қант, тұз, Қызылордада өндірілетін күріш және макарон бар. Ал қалған өнім келісімшартқа сәйкес өндірушілердің қоймаларында. Олар бізге тауарды өтінім бойынша жеткізеді, - деп мәлімдеді «Павлодар ӘКК» АҚ-ның департамент директоры Азамат Дәндібаев.
Аталған өнімдер тұрақтандыру қорынан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының серіктес дүкендеріне өтінім бойынша босатылады. Бүгінде облыс бойынша олардың саны – 206. Оның 118-і Павлодар қаласында.
Айта кету керек, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының серіктес дүкендері сауда үстемесін 10%-дан асырмауы тиіс. Мысалы, қарақұмық тұрақтандыру қорынан келісі үшін 130 теңгеден жіберіледі, дүкендерде аталмыш тауар 143 теңгеден саудалануы тиіс. Мамандардың айтуынша, бүгінде азық-түлік бағасы бойынша айтарлықтай қымбаттау жоқ. Алғашқы қажеттіліктегі азық-түлік қоры жеткілікті.
Фото: Freepik.com