Павлодар облысында картоп пен сәбіз бағасы тұрақтанады
Биыл аймағымызда 563 мың тонна картоп және 198 мың тонна сәбіз өнімдерін жинау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда көкөністердің бағасын төмендету мақсатында ерте өскен өнімдерді босатуда. Ал ауқымды жиын-терім тамыздың 15-20 басталады. Сонымен қатар, үш тарапты мемарандум жасалынып, тұрақтандыру қоры толтырылмақ. Дегенмен бірінші кезекте қала аумағындағы бағаны реттеу жұмысы жүргізіледі.
- Бағаларды тұрақтандыру бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынбақ. Ең алдымен картоп және сәбіз егістіктен тікелей сауда нүктелеріне жөнелтіледі. Картоп келісіне 80 теңгеден босатылып, дүкендерде келісіне 100 теңгеден асырылмайды, ал сәбіз егістік алаңынан келісіне 150 теңгеге алынып 170-180 теңгеден аспайды. Арнайы мониторингілік топтар бақылауды жалғастырады, - дейді Павлодар облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәулен Кабдушев.
Оған қоса барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра шағын аудандарда12 нүктеде көкөністер саудаланады. Бұл үй жанындағы дүкендермен бәсекелестікті арттырмақ. Тиімді бағадағы өнімдер ірі сауда желілерінде де сатылады. Бұл ретте, шаруа қожалықтарын қолдау шаралары да жасалынуда. 4 мың тонна жанармай отыны бөлінді. Олар литріне 164 теңге немесе нарықтық құннан 25% төмендетілген бағада ұсынылады. Өтінімдер тамыздың 6-нан бастап қабылданбақ.
Авторы: Бекбол Мырзахан