Павлодар облысында мемлекеттік шекарадан көлікпен тәулігіне бір рет қана өту тәртібі енгізілді
Бұл шектеу жанармайды заңсыз шығарудың жолын кесуге бағытталған. Өйткені қолданыстағы тыйымға қарамастан, кейбір жүргізушілер қосымша бак орнатып немесе канистрлерге отын құйып, шекарадан алып өтудің түрлі амалын іздеп жатыр.
Құзырлы органдардың мәліметінше жолаушылар автобусының жүргізушісі шекарадан тағы екі жүз литр дизель отынын алып өтпек болған. Алайда қолдан жасалған қосымша жанармай багы "Шарбақты" өткізу пунктінде анықталды. Мұндай деректер аз емес. Соңғы уақыттың өзінде жүзден астам заңбұзушылық әрекеті тіркелген. Тек бір тәуліктің ішінде тағы жеті факті анықталыпты. Көп жағдайда жүргізушілер 10-20 литрлік канистрлермен өткісі келеді екен. Әрбір оқиға бойынша өткізбеу туралы акт рәсімделеді. Ал жүргізушілерге екі таңдау ұсынылады: артық отынды көліктің негізгі багына құю немесе шекарада қалдыру. Көбі бірінші нұсқаны таңдайды. Бұдан бөлек, енді көліктердің қозғалысы да қатаң бақыланады. Бір көлік тәулігіне өткізу пунктінен тек бір рет өте алады.
- Бұл шектеу шекара маңындағы аумақтарда жанармайдың бірнеше рет тасымалдануын болдырмау үшін енгізілді. Бұған дейін кейбір жүргізушілер бір тәуліктің ішінде өткізу бекетін бес-алты мәрте кесіп өтіп, әр жолы отын алып шығуға тырысатын. Сондықтан енді бір көлік өткізу пунктінен тәулігіне бір-ақ рет өте алады. Бұл талап барлық жүргізушіге бірдей қолданылады. Резидент немесе резидент емес деп бөлу қарастырылмаған, - дейді Павлодар облысы бойынша МКД кедендік әкімшілендіру басқармасының басшысы Тілектес Тусетаев.
Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер департаменті бензин, дизель отыны және кейбір мұнай өнімдерін автокөлікпен экспорттауға салынған тыйымды 2027 жылдың мамырына дейін ұзарту мәселесі қаралып жатқанын хабарлады.
